Маңғыстау облысында да 8 наурызға орай әлеуметтік төлем қарастырылған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Жергілікті атқарушы органдардың шешімдері бойынша өңірде 8 наурызға орай "Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен марапатталған, сондай-ақ, "Батыр ана" атағын, I және II дәрежелі "Ана даңқы" орденін алған көпбалалы аналарға төлемдер берілмек.
2 АЕК (7 864 теңге) мөлшеріндегі біржолғы әлеуметтік көмекті 12 686 әйел алады.
Сондай-ақ, барлық топтағы мүгедек жанға, жеті жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларға, 7 жастан 18 жасқа дейінгі 1, 2, 3-топтағы мүгедектігі бар балаларға 5 АЕК (19 660 теңге) мөлшерінде төлем есептелген. Жалпы 33 300 адам төлем алады.
Мәліметке сүйенсек, бұл жәрдемақылар Наурыз мерекесінде де төленеді деп жоспарланып отыр.
Еске салайық, бұған дейін Шымкентте 8 наурыз қарсаңында бір реттік әлеуметтік төлем берілетіні хабарланды. Мұнда 8 наурыз - Халықаралық әйелдер күніне орай "Алтын" және "Күміс" алқа иегерлері, "Батыр ана" атағын алған, І және ІІ дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен наградталған аналарға 5 АЕК мөлшерінде бір реттік әлеуметтік төлем жасалады.
Астанада да 8 наурыз Халықаралық әйелдер күніне орай көпбалалы отбасыларға, көпбалалы аналарға, жалпы саны 36 мыңға жуық азаматқа 2,5 АЕК (9830 теңге) мөлшерінде біржолғы әлеуметтік көмек берілмек.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз