Бірқалыпты физикалық жүктемелер бүкіл ағза жұмысына жағымды әсер етеді. Белсенді өмір салтын сақтайтын адамдар сирек ауырады, ұйқы проблемасымен қиналмайды және үнемі сергек жүреді. Ал егер сізде мына белгілер болса, бұл өміріңізге қозғалыс жетіспейтінін білдіруі мүмкін, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Буындарыңыз ауырады
Кей адамдардың буындары ауырады немесе қандай да бір ыңғайсыздық сезінеді. Олар көбірек қозғалып бастаса, буындары одан сайын ауыратын секілді көрінеді. Алайда жағымсыз сезім тек бастапқы кезде күшейіп, кейін кетуі мүмкін. Әдетте, ағза жаңа жүктемеге үйренген кезде хал-жағдайыңыз жақсарады. Себебі көбіне қозғалыстың болмауы буындардың ауыруына әкеледі. Жүру, жүгіру және басқа да белсенділік кезінде синовиалық сұйықтық бөлінеді. Бұл сұйықтық буындарды сулайды, үйкелісті азайтады және олардың қозғалғыштығын жақсартады. Десе де, егер буындарыңыз ауыратын болса, физикалық жаттығуларды бастамас бұрын дәрігермен кеңесіп алған артық етпейді.
Іш қатумен қиналасыз
Аз қозғалу іш қатуға әкеледі. Одан жалпы хал-жағдайыңыз нашарлайды, ішіңіз ауырады және геморрой пайда болуы мүмкін. Ішектер саулығын сақтау үшін физикалық белсенді болу, дұрыс тамақтану, су режимін сақтау және күйзеліс деңгейін азайту керек.
Зейін қоя алмайсыз
Зейін қоя алмау – аз қозғалысты өмір салтын сақтайтын адамдардың тағы бір проблемасы. Қозғалыстың аз болуы миға қан құйылуын нашарлатады. Сол үшін барлық когнитивті қабілеттер нашарлай түседі. Физикалық тұрғыда белсенді болу есте сақтауды жақсартуға да көмектеседі. Мысалы, күнде жаттығулар жасасаңыз, жаңа ақпаратты жылдам меңгересіз.
Энергияңыз аз
Күнде жұмыста ұйықтап қалайын деп отырасыз ба? Бұл күні бойына өте аз қозғалатындығыңыздан болуы мүмкін. Күндіз бір орында отырып жұмыс істесеңіз, ал кешке кино қарап жатқанды жақсы көретін болсаңыз, созылмалы шаршаңқылық пайда болуы мүмкін. Егер осы қарқында жалғастыра берсеңіз, тіпті, өмірге деген қызығушылықты жоғалтып алуыңыз мүмкін. Энергия өз-өзімен пайда болмайды. Сергек болып жүру үшін үнемі қозғалыста болып, ағзаны оятуыңыз керек.
Бұлшықеттеріңіздің ұйып қалғанын сезесіз
Кеңседе жұмыс істейтін адамдар иық тұсы мен аяқтың ұйып қалатынына жиі шағымданады. Оның себебі олар күннің көп бөлігін бір орында отырып өткізеді. Бұдан арылу үшін жұмыстан соң көбірек қозғалу керек. Егер мүмкіндік болса, барлық дене бөліктерін қозғалтатын жаттығулар жасаған дұрыс немесе йогамен айналысыңыз, билеңіз.
Оқи отырыңыз: "Жылдам әрекет етіңіз". Ақ шаш ерте пайда бола бастаса, не істеу керек?