- Негізгі бет
- LifeStyle
- Сізге бай болуға...
Сізге бай болуға кедергі келтіретін 4 әдет
Жалақысы жоғары бола тұра, ешқандай жинағы жоқ, ал азғантай жалақы ала тұра, ақшаны жақсы жинай алатын адамдар бар. Бұл адамның ақша жинай алу және оны дұрыс жұмсай білу қабілеті де әркімнің өз икеміне байланысты екенін көрсетеді. Ендеше, қаржылық жағдайыңыз жақсы болу үшін қандай әдеттерден аулақ болу керек?
Мүмкіндігіңе қарай өмір сүрмеу
Жалақыға сай өмір сүрмеу әдеті – шығындарды жоспарлай және қажеттіліктерді түсіне алмаудың бір белгісі. Егер қалауыңыз бен шығындарыңыз кірісіңізден артық болса, ақша жетпейтіні анық. Қандай шығындар бірінші кезекте екенін және оларды жабу үшін жалақыңыздың қанша бөлігі кететінін түсіну маңызды. Егер артық шығып кетіп тұрса, шығындарды азайту керек, мысалы, аса маңызды емес тауарлар мен қызметтерден бас тартыңыз.
Шығындарды бақыламау
Бағасына қарамастан барлық затты кәрзеңкеге салып, ойланбастан ала берсеңіз, айдың ортасында ақшаңыздың таусылып қалғанын байқайсыз. Ақша есептегенді жақсы көреді. Бюджетті жоспарласаңыз, кірістеріңіз бен шығындарыңызға қарап, қанша жұмсай алатыныңызды біліп тұрасыз.
Жоспарланбаған сауда жасау
Оны импульсивті сауда жасау деп те атайды. Ол сіздің жоспарыңызда болмады, бірақ кенеттен кезекті гаджет, көйлек немесе әшекей алғыңыз келіп қалды. Соның салдарынан бір айға жоспарлаған сомаңыз айтарлықтай қысқарып қалды. Мұндай әдет нәтижесінде айдың соңына дейін ақша жетпеуге және қарыз алуға әкелуі мүмкін.
Несие алу
Кей адамдар болашақта пайызбен қайтару керек жеңіл ақшаға үйреніп алады. Жүйелі түрде несие немесе қарыз алу әдеті бюджетіңізді дұрыс жүргізбейтініңізді көрсетеді. Егер қомақты нәрсені несиеге алсаңыз және ол қалтаңызға ауырлық түсірмесе, оның мәні бар. Бірақ несиеге өмір сүру – өмір салты болса, бұл жағдайда ақша жинау және оны көбейту қиынға соғады.
Оқи отырыңыз: Қаржылық сауаттылық: Ақша жинауға қатысты лайфхактар
А. Жапатова