- Негізгі бет
- LifeStyle
- психология
Сізді күннен күнге бақытсыз ететін 3 әдет
Бір қарағанда еш зияны жоқ кей әдеттер сіздің бақытсыз болуыңызға ықпал етуі мүмкін. Олар энергияңызды алады, өзін-өзі бағалауыңызды түсіреді және қолыңызда бар нәрседен ләззат алмауға әкеледі. Психолог Джеффри Бернштейн қандай әдеттерден арылу керегін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Psychology today-ге сілтеме жасап.
Өзіңізді басқалармен салыстыру
Сіз де өзіңізді күнде біреумен салыстырасыз ба? Көпшілік әлеуметтік желіде басқалардың өмірін бақылайды: олар күшті өмір сүреді, саяхаттайды, жақсы қарым-қатынас құрады және әлемдегі ең дарынды балаларды тәрбиелеп отырады. Сіз өзіңізге "неге мен осындай керемет өмір сүрмеймін" деген сұрақ қойған бойда өзіңіздің қуанышыңызды ұрлайсыз.
"Басқаларда бар, бірақ сізде жоқ нәрсе жайлы ойлаған кезде өзіңіздің жетістіктеріңізді, еңбегіңізді және мықты жағыңызды құнсыздандырасыз. Алайда біз әлеуметтік желіде адамдардың өміріндегі ең керемет сәттердің топтамасын ғана көреміз. Ал олардың өміріндегі қара жолақты, олардың уайымдары мен қиындықтарын адамдар кадр сыртында қалдырғанды жөн көреді", - дейді психолог.
Психолог әлеуметтік желіге жиі кірмеуге кеңес берді. Күнде өзіңіздің кез келген жетістіктеріңізді жазып отыруды әдетке айналдырыңыз.
Ризашылықты сезіне алмау
Күнде күніңіз бірдей басталады. Төсектен өзіңізді әрең көтересіз, ал кешкісін жұмыстан қатты шаршап келесіз, одан соң үйдің шаруаларына кірісесіз, содан кейін ұйықтауға жатасыз. "Қуаныш пен бақытты ойлауға уақыт қайда?" деуіңіз мүмкін. Бірақ өміріңізден тек күнделікті қарбаласты, негативті көрсеңіз, саналы түрде өзіңізді ләззат алу мен бақыт сезімінен айырасыз.
"Зерттеулер бойынша, негативті емес, жағымды ұсақ-түйекті байқайтын адамдар бақыттырақ келеді және денсаулығы жақсы болады. Риза болу дегеніміз - қиындықтарды елемеу емес. Ол - өмірді қанық әрі ашық ететін нәрселерді байқай алу", - дейді Джеффри Бернштейн.
Психолог ризашылық сезімін дамыту үшін жазбаша жаттығу жасауға кеңес берді. Күнде алғыс білдіретін үш нәрсені жазып отырыңыз. Ол кез келген нәрсе болуы мүмкін. Мысалы, әріптесіңіздің қошемет сөзі, дәмді ас, терезеден түскен күннің нұры, жапалақтап жауған қар және т.б. Бұл тәжірибе миды позитивті болуға бағыттайды.
Маңызды нәрселерді кейінге қалдыру
Бұрын нені қатты қалағаныңыз есіңізде ме? Біреу өз бизнесін ашқысы келді, біреу саяхаттауды армандады. Біреу кітап жазғысы келсе, басқасы танымал болғысы келді. Бірақ әдетте адамның қалаулары соңғы орынға түсіп қалады. Себебі күнделікті орындау керек тапсырмалар бар. Алайда арманын ұмыту, оны елемеу бақытсыз болып жүруіңізге ықпал етуі мүмкін.
Психолог күнде арманыңызға жетелейтін кішкентай қадамдар жасауға кеңес берді. Шын мәнінде осы өмірден не қалайтыныңызды ойлаңыз. Арман-мақсатыңызды анықтаған соң оны ұсақ тапсырмаларға бөліп тастаңыз, содан соң әрекет етуді бастаңыз.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
А. Жапатова