Ішкі істер министрлігі азаматтарды алаяқтықтан сақ болуға шақырды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ғашықтар күні қарсаңында көпшілік сүйіктісіне ерекше сыйлық дайындауға асығады. Ведомство мәліметінше, мереке қарсаңында жеңілдіктер мен жаппай сатылым туралы ақпарат көбейіп, осы қарбаласты интернет алаяқтар да өз пайдасына жаратып, жалған сайттар ашып, әлеуметтік желілер арқылы азаматтарды алдауға тырысады.
ІІМ мына ережелерді ұстануға кеңес берді:
- тауарды тек сенімді, тексерілген сайттар мен ресми маркетплейстер арқылы сатып алыңыз;
- әлеуметтік желілердегі немесе мессенджерлердегі күмәнді сілтемелерді ашпаңыз;
- шектен тыс төмен баға тұрса, абай болыңыз, бұл алаяқтықтың белгісі болуы мүмкін;
- сатушыдан тауар нақты бар екенін растауды сұраңыз;
- бейнеқоңырау арқылы дүкеннің нақты мекенжайын көрсетуді өтініңіз. Алаяқтар көбіне мұндай талаптан жалтарып, оның орнына геолокация немесе өңделген сурет жібереді;
- төлем жасау кезінде сақ болыңыз: ақшаны жеке шоттарға немесе күмәнді төлем жүйелеріне аудармаңыз.
"Бөгде адамдарға ешқашан құпиясөз, SMS код, CVV кодты және банк картасының толық мәліметін бермеңіз. Мереке тек қуаныш сыйласын. Сақ болыңыз!" - деп ескертті ІІМ өкілдері.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Ж. Қадыржанова