Суық тию мен тұмау жиілейтін маусымда дұрыс тамақтану ағзаның қорғаныс қабілетін нығайтуға көмектеседі. Еуропалық медициналық орталықтың (EMC) бас дәрігері Розанна Гардашник РИА Новости агенттігіне иммунитетті қолдауға пайдалы тағамдарды атады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Дәрігердің айтуынша, ЖРВИ өршитін кезеңде С дәруменіне бай өнімдерді көбірек тұтынған жөн. Олардың қатарында мүкжидек, итмұрын, цитрус жемістері, ашытылған қырыққабат пен сарымсақ бар.
Сонымен қатар, иммун жүйесінің қалыпты жұмыс істеуі үшін альфа-липой қышқылына бай тағамдарды да ас мәзіріне қосу маңызды. Мұндай зат шпинатта, брокколиде, бауырда және басқа да ішкі ағза еттерінде кездеседі. Олар ағзадағы жасушаларды зақымданудан қорғайтын маңызды антиоксиданттардың бірі – глутатионның түзілуіне ықпал етеді.
Суық мезгілде жаңғақ пен зімбір де ағзаға пайдалы. Бұдан бөлек, дәрігер йодқа бай тағамдарды тұтынуға кеңес береді. Оларға йодталған тұз, теңіз балдырлары, теңіз өнімдері мен балық жатады.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Massaget.kz