- Негізгі бет
- LifeStyle
- Сушидің қасындағы тұздықтар...
Сушидің қасындағы тұздықтар не үшін беріледі?
Қазір суши деген не екенін, оны қалай дайындайтынын және қалай жейтінін барлық адам біледі. Жапон асүйінің дәстүрінің тамыры біздің заманымызға дейінгі 4-ғасырға кетсе де, ол қазіргідей танымалдылыққа ешқашан ие болмаған. Заманауи әлемде сушимен ешкімді таңғалдыра алмайсыз. Сушидің қасында үнемі зімбір мен васаби жүреді. Олардың өздеріне тән ерекше дәмін көрген боларсыз?! Алайда олар не үшін керек?
Зімбір мен васаби тағамның дәмін толық ашуға көмектеседі деп саналады. Бұл рас, бірақ жапондар ештеңені жайдан-жай істемейді. Шындығында бұл дәмдеуіштер не үшін арналған?
Васаби не үшін керек?
Алғашқы сушилер пайда болған кезде адамзат тағамдарды апталап сақтауға болатын тоңазытқыштар пайда болатынын білмеді. Бұрын тағамдарды сақтау қиынға соқты, сондықтан шикі балықты күрішке орап, жерді қазып, шұңқырға қойған. Күріштің табиғи ферменттелуінен балық ұзаққа сақталып, дәмін жоғалтпаған. Шикі балық, жер, санитарлық нормалардың болмауы адамдарды қосымша антисептикалық құрал іздеуге мәжбүрлеген. Сол мақсатта олар васабиді қолданған, себебі бұл өсімдіктің тамыры шикі балықты дезинфикациялайды және ағзаны бактериялар мен паразиттерден қорғайды деп санаған.
Қазір сушиді таза сапалы балықтан жасайды, бірақ васабиді бұрынғыша әдетпен бірге ұсынады. Бірақ оны бұрынғы мақсатта емес, тағамға ерекше дәм беруге пайдаланады.
Зімбір не үшін қажет?
Жапон асүйіндегі маринадталған зімбірдің негізгі қызметі – сушилердің әртүрлі дәмінің араласып кетуіне жол бермеу. Сушидің қандай да бір түрін жеген соң аузыңызға бірнеше тілім зімбір салып жіберсеңіз, ол рецепторларыңыздың сол дәмнен тазаруына мүмкіндік береді. Содан соң сушидің басқа түрінің дәмін көрсеңіз, оны толықтай сезе аласыз. Сондықтан зімбірді сушидің үстіне қойып емес, оны сушилардың арасында жеу ұсынылады.
Соя тұздығы не үшін керек?
Сушидің салындысы немесе кей күріш түрлері өте құрғақ келеді, сондықтан соя тұздығы оны жұмсақ ету үшін бірге ұсынылады. Сондай-ақ соя тұздығы пайдалы өнім, ол асқорытуға жағымды әсер етеді.
А. Жапатова