Атырау облысында белгісіз біреулер көктемде су тасқыны кезінде құм толы қаптармен бөгет тұрғызуға көмектескен Пшөн есімді итті атып кетті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Tengri Life-қа сілтеме жасап.
Иттің иесі Зәмзәгүл ханым Пшөнді өткен бейсенбі, 28 қараша күні атып кеткенін айтты. Атырау облысы Сарытоғай ауылындағы қарапайым отбасы Пшөнді күшік кезінен асыраған.
"Біздің итіміз ауланың сыртына шыққан күннің өзінде үйге қайтып оралатын. Осы жолы шығып кетіп, үйге қайтып оралмады. Сол маңда жүрген біреулер атып өлтірген. Кім екенін біз де, көршілер де білмейді. Қазір сізбен сөйлесіп отырып, өзімді әрең ұстап отырмын. Бұл біз үшін де, ауыл үшін де үлкен қайғы", - деді Зәмзәгүл.
Атылған иттің иесі TikTok желісіне Пшөннің жараланған видеосын жүктеді. Зәмзәгүлдің айтуынша, ит желтоқсан айында үш жасқа толатын еді.
"Шынымен бұл біз үшін өте ауыр жайт. Оның артында күшіктері қалмады. Біз иттерді қатты жақсы көреміз. Сол себепті тағы бір күшікті асырасақ деп отырмыз. Көбі оны "кішкентай Пшөн" деп атаңдар деп жатыр. Бірақ әзірге нақты ештеңе айта алмаймыз", - деп қосты ол.
@pshon_2024 💔 ЖАНЫМ ау 💔. #Пшөн #Сарытоғай #Махамбет #Атырау #Қазақстан ♬ оригинальный звук - Пшон_2024
Қазақстандықтар сәуірде Пшөннің су тасқыны кезінде көрсеткен көмегіне тәнті болды. Желіде оның батыс өңірлерін су басуы кезінде құм толы қапшықтарды бөгет салуға тасыған видеосы тарап, көпті сүйсінткен еді.
@pshon_2024 Ерікті Пшөн кезекшілік міндетін атқаруда. #Атырау#Махамбет#сарыторғай ♬ оригинальный звук - Осы нұсқа телеграмда⬆️😍
Көпшілік иттің адалдығына таңғалып, жылы пікірлерін жаудырған болатын.
"Пшөн батыр", "Нағыз дос", "Қазақстандағы Хатико", "Пшөнге рақмет" деген пікірлер жазылды.
Пшөннің атылуына байланысты Атырау облысы ауыл шаруашылығы басқармасының ветеринария бөлімі түсініктеме берді. Олардың айтуынша, ауылда қараусыз жүрген иттерді мамандар ұйықтатпақ болған. Алайда Пшөн белгісіз жағдайда өліп қалған.
"2024 жылғы 28 қарашада Махамбет аудандық ветеринарлық станцияның ветеринарына тұрғындардың бірі ауласында бөтен үш иттің қараусыз жүргендігін және үйіне кіре алмай тұрғанын хабарлаған. Оқиға орнына жеткен мамандар иттерге ұйықтатын оқ (дротик) атқан. Екі ит ұйықтатылады, үшіншісі өзенге қарай қашып, белгісіз жағдайда қаза болады", - делінген Facebook желісіндегі жазбада.
Ақпаратқа сенсек, прокуратура мен учаскелік полиция ветеринарлық бекет қызметкерінің әрекетін тексеріп жатыр.
"Аудандық прокуратура мен полиция қызметкерлері ветеринарлық станция мамандарының әрекетінің заңдылығын тексеріп жатыр. Нәтижесі белгілі болған соң тиісті шаралар қабылданады", - деп қосты басқарма.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз