UFC 251. Жалғас Жұмағұлов жеңіске жете алмады

UFC 251. Жалғас Жұмағұлов жеңіске жете алмады

Қазақстандық аралас жекпе-жек шебері Жалғас Жұмағұлов UFC-гі (Ultimate Fighting Championship) алғашқы жекпе-жегінде жеңіске жете алмады. Бразилиялық Раулин Пайваға (19-3-0) қарсы шайқаста қарсыласы төрешілер шешімі бойынша жеңіске жетті. 

Аяғы мен қолы ұзын бразилиялық спортшы бірінші раундтан белсенді болуға ұмтылды. Жалғас әр раунд соңына қарай қарсыласын тығырыққа тіреуге тырысқан. Текдаунда қарсыласынан басым болғанмен, соққыларын дөп тигізіп үлгермеді.  

Үшінші раунд аяқталар тұста Раулин Пайва ережеге сай емес соққы жасады. Жалғас ауырсынғанмен, жекпе-жекті жалғастыра білді.

Үш раунд қорытындысы бойынша төрешілер жеңісті бірауыздан бразилиялық спортшыға берді. 

Айта кетейік, Жалғас өткен жылдың қараша айында ресейлік Али Багаутиновты төрешілер шешімі бойынша жеңіп, Fight Nights Global чемпионы ретінде осы турнирде бақ сынауға мүмкіндік алған. 

Жұмағұлов UFC-де жекпе-жекке шыққан қазақстандық екінші спортшы. Осыған дейін Мария Агапова Қазақстаннан алғашқылардың бірі болып осы ұйым аясындағы жарысқа қатысқан. 

Абу-Дабидегі UFC 251 турнирінде чемпиондық атақ үшін үш бірдей жекпе-жек өтеді. Басты шайқаста жартылай орта салмақтағы чемпион Камару Усман (16-1-0) мен Хорхе Масвидаль (35-13-0) кездеседі. Жартылай жеңіл салмақта америкалық Макс Холлоуэй (21-5-0) мен аустралиялық Александр Волкановский (21-1-0) шайқасады. Тағы бір чемпиондық жекпе-жек жартылай жеңіл салмақтағы ресейлік Петр Ян және бразилиялық Жозе Альдо арасында өтеді. 

UFC (Ultimate Fighting Championship) – аралас жекпе-жектен әлемдегі ең беделді әрі танымал спорттық ұйым. Бас кеңсесі АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында орналасқан. Бүгінде UFC-дің кез-келген жекпе-жек кеші әлемнің түкпір-түкпірінен жүздеген телеарналар арқылы миллиондаған жанкүйер жинайтын ауқымды шараға айналған. Кәсіпқой ережесіз жекпе-жек шеберлері осы ұйым аясында бақ сынауды мақсат тұтады.

Н. Үсенова