Қазақстанда UFC турнирі өтпейді

Коронавирус пандемиясына дейін Қазақстанда UFC турнирі өтеді деп күтілген. Нақтырақ айтсақ, 13 маусым күні Нұр-Сұлтанда болады деп жоспарланған еді.

Бүгін бұл жарыстың өтпейтіні жайлы Ресейдің "Спорт-Экспресс" басылымына сілтеме жасап Vesti.kz cайты хабарлады. Басты жекпе-жекте жеңілірек салмақтағы ресейлік Петр Ян мен бразилиялық Марлон Мораес шайқасатын болған. Енді олардың жекпе-жегі АҚШ-та өтуі мүмкін. Сондай-ақ 7 маусым күні Аустралияда өтуі тиіс болған турнир де кейінге шегерілді.

Ал оған дейін UFC 9 мамыр күні тағы бір ірі турнирін өткізбек. Флорида штатындағы Джексонвилл қаласында UFC 249 турнирі болады. Турнирдің басты жекпе-жегінде жеңіл салмақтағы уақытша чемпиондық титул үшін америкалық Тони Фергюсон мен Джастин Гетжи кездеседі.

Айта кетейік, қазір Қазақстандағы төтенше жағдай режимі 11 мамырға дейін жалғасады. Спорттық іс-шараларды өткізу толықтай тоқтатылып тұр.