Футболдан Еуропа чемпионаты 2021 жылы өтетін болды

UEFA шешімімен 2020 жылы 12 маусым-12 шілде аралығында өтуі тиіс болған футболдан Еуропа чемпионаты 2021 жылға шегерілді. Euro-2020 келесі жылы 11 маусым-11 шілде аралығында өтеді. Бұл туралы Норвегия футбол федерациясы хабарлады.

Еуропа чемпионаты биыл 12 маусым мен 12 шілде аралығында Еуропадағы 12 елдің 12 қаласында өтуі тиіс еді. Турнир ойындары Мюнхен (Германия), Лондон (Англия), Амстердам (Голландия), Баку (Әзірбайжан), Дублин (Ирландия), Рим (Италия), Санкт-Петербург (Ресей), Бильбао (Испания), Бухарест (Румыния), Будапешт (Венгрия), Копенгаген (Дания) және Глазго (Шотландия) қаласында ұйымдастырылады деп жоспарланған. Жарыс 2021 жылы осы қалаларда өтуі тиіс. Нақты және толық шешімді бүгін, 17 наурызда UEFA жариялайды.

Қытайда тараған коронавирустың салдарынан әлем елдерінің көбінде спорт жарыстары, футбол чемпионаттары тоқтаған. Биыл шілде соңында бастаталын Токио олимпиадасына қатысты әлі нақты шешім шыққан жоқ. Жапония билігі олимпиада өз уақытында өтеді деп мәлімдеді.