Әйгілі баскетболшы Коби Брайант әуе апатынан көз жұмды

Ұлттық баскетбол қауымдастығындағы "Лейкерс" командасының аңыз ойыншысы Коби Брайант Калифорния штатындағы Калабасас қаласында тікұшақ апатынан қаза тапты. Бұл туралы TMZ басылымы хабарлады.

Апат жексенбі күні таңертең болған. Деректер бойынша, Брайант өзінің жеке тікұшағымен саяхаттап жүрген. Онымен бірге үш жолаушы және бір пилот болған. Апаттан кейін ешкім аман қалмады. Қаза болғандардың арасында Брайанттың 13 жастағы қызы Джианна Брайант бар.

Deputies on scene with @LACOFD regarding aircraft crash. https://t.co/o2xkFluzQm pic.twitter.com/BPGfKS6nFt

— LASD Lost Hills Stn. (@LHSLASD) 26 января 2020 г.

41 жастағы баскетболшының артында әйелі Ванесса Брайант пен үш қызы қалды.

Коби Брайант 1996-2016 жылдар аралығында "Лейкерс" клубында өнер көрсетті. Мансабында ҰБҚ-ның бес дүркін чемпионы, финалдық серияның екі дүркін MVP-і атанған. Сондай-ақ, Жұлдыздар матчына 18 рет қатысқан. АҚШ құрамасы сапында екі дүркін олимпиада (2008, 2012) чемпионы атанған. Баскетболшы 2016 жылы мансабын аяқтады.

2018 жылы Брайант "Қымбатты баскетбол" мультфильмі үшін "Оскар" сыйлығын алған.

Америкалық Sports Illustrated журналы Коби Брайантты онжылдықтың ең үздік бес спортшысы қатарына қосқан.

Брайант ҰБҚ-ның ең нәтижелі ойыншыларының тізімінде 33643 ұпаймен төртінші орында тұр. Бұған дейін сенбіден жексенбіге қараған түні Леброн Джеймс оның нәтижесінен асып түсіп, үшінші орынға көтерілген еді.