Головкиннің келесі жекпе-жегі Қазақстанда өтуі мүмкін

Головкиннің келесі жекпе-жегі Қазақстанда өтуі мүмкін
Фото: fightsports.tv

Орта салмақта IBF және IBO чемпионы Геннадий Головкин (40-1-1, 35 КО) поляк Камил Шереметаға (21-0, 5 КО) қарсы жекпе-жекті Қазақстанда өткізуі мүмкін. Бұл туралы IFL TV арнасына берген сұхбатында GGG командасымен жұмыс жасайтын промоутер Эдди Хирн мәлімдеді.

Сондай-ақ екі боксшы арасындағы кездесу поляктар көбірек тұратын Чикогада (АҚШ) ұйымдастырылуы да мүмкін. Кей бейресми деректер бойынша боксшылардың жекпе-жегі 11 сәуірге жоспарлануда.

Камил Шеремета IBF чемпиондық белбеуіне басты үміткер боксшының бірі. Геннадий Головкин бұл атақты және IBO чемпиондық белбеуін 5 қазан күні Нью-Йоркте украиналық Сергей Деревянченкоға қарсы кездесуде жеңіп алған болатын. Ал сол бокс кешінде поляк боксшысы мексикалық Оскар Кортесті (27-5, 14 КО) нокаутпен жеңген еді.

Н. Үсенова