Қытайда белгісіз ауру тарауына байланысты бокстан лицензиялық турнир өтпейді

Қытайда белгісіз ауру тарауына байланысты бокстан лицензиялық турнир өтпейді
Фото: ҚР ҰОК

2020 жылғы Токио Олимпиадасының жолдамасы ойнатылу қажет болған Қытайдың Ухань қаласындағы халықаралық жарыс өтпейтін болды.

Ұйымдастырушылар қалада белгісіз пневмонияның белең алуына байланысты спортшылардың өміріне қауіп төндірмес үшін жарысты өткізбейтін болып шешті. Жарыстың өтетін уақыты мен орнын алдағы уақытта Халықаралық олимпиада комитеті хабарлайды. Ухань қаласындағы лицензиялық турнир бокстан Олимпиада жолдамалары ойнатылатын алғашқы жарыс еді. 

Желтоқсан айының соңында Қытай билігі Ухань қаласында шығу тегі белгісіз пневмонияның өршігені туралы мәлімдеме жасаған. Алдын ала зерттеу бойынша ауру теңіз өнімдеріне тікелей байланысты болған. Сарапшылар пневмонияның өршуіне 2019-nCoV - коронавирусы себеп болды деген қорытындыға келді.  

Айта кетелік, 2020 жылғы Токио Олимпиадасына іріктеу турнирі жаңа ереже бойынша өткізіледі. Жаңа ережеге сәйкес, боксшылар төртжылдық додасына жолдама алу үшін құрлықтық іріктеу сындарында бақ сынау қажет. 2020 жылдың ақпаны мен мамыры аралығында бокстан құрлықтық және әлемдік іріктеу турнирлері ұйымдастырылады. Африкадағы бәсеке 2020 жылдың 20-29 ақпаны аралығында Дакарда (Сенегал) , Еуропадағы іріктеу сыны 13-23 наурыз күндері Лондонда (Ұлыбритания) өтеді.  Америкалықтар 23 наурыз бен 3 сәуір аралығында Буэнос-Айресте (Аргентина) жолдамаға таласады. Ал әлемдік іріктеу турнирі мамыр айында Францияның Париж қаласында ұйымдастырылады. 

 
А. Рысдәулет