Ресейлік балуан қазақ күресінен "Әлем барысы" атанды

Қазақ күресінен төртінші рет ұйымдастырылған "Әлем барысы" халықаралық турнирі өз мәресіне жетті. Алматыдағы Балуан Шолақ спорт кешенінде өткен белдесулерде ресейлік балуан Роман Бобиков жеңімпаз атанды.

Ресейден келген балуанмен финалда отандасымыз Айбек Нұғымаров белдесті. Екі дүркін "Әлем барысы" атағына ие қазақ балуаны жеңіске бастар жолды таба алмады. Қарсыласы айласын асырып, жеңімпаз атанды. Айбек – күміс белбеу иегері.

Жеңімпаз атанған ресейлік балуан 10 миллион теңге еншіледі. Айбекке 6 миллион теңгенің сертификаты табысталды.  

Қола белбеуді қазақ балуаны Мақсат Исағұлов жеңіп алды. Ол 3 миллион теңге сыйақыға кенелді. Жеңіске деген жігері үшін жүлдесін өзбек Мухсин Хусемитдинов иеленді. Оған 1 миллион теңге табысталды.

Айта кетейік, Роман Бобиков "Әлем барысына" өткен жылы да қатысқан. Үшінші орын үшін өткен белдесуде грузин Гурам Тушишвили боз кілемге шықпағандықтан қола белбеуді иеленген еді.