Тарихи жеңіс! "Астана" "Манчестер Юнайтедті" ұтты

Тарихи жеңіс! "Астана" "Манчестер Юнайтедті" ұтты
Фото: vesti.kz

Футболдан Еуропа лигасы топтық кезеңіндегі бесінші ойында "Астана" ағылшынның "Манчестер Юнайтед" командасымен кездесті. Нұр-Сұлтанда өткен ойында қазақстандық Англиядан келген қарсыластарын 2:1 есебімен ұтты.

"Қызыл сойқандар" қазақ жеріне жас ойыншыларын алып келді. Олардың көпшілігі бұрын-соңды негізгі құрамда ойнап көрмеген. "Астанаға" қарсы алғашқы ойындарына шықты. Команданың бас жаттықтырушысы Уле-Гуннар Сульшер жастардың қарымын байқап көргісі келді.

Манкуниандық команда ойынды ширақ бастады. 10 минутта команда капитаны Джесси Лингард шеберлік көрсетіп, ойында есеп ашты. Араға 10 минут сала "Астананың" есеп теңестіретін мүмкіндігі болған. Алайда Дорин Ротариу өз мүмкіндігін пайдалана алмады.

Екінші таймда "Астананың" шабуылда адуыны артты. 55 минутта Дмитрий Шомко есепті теңестіріп, қазақ жанкүйерлерін қуантты. 62 минутта елордалық команда есепте алға шықты. Бернард өз қақпасына гол соқты. Бұл гол қазақстандық клубқа жеңіс сыйлады.

Н. Үсенова