Негізгі / Лайфстайл / Спорт / Жаңалықтар / IBF Головкинге қарсылас тапты
IBF Головкинге қарсылас тапты

Халықаралық бокс федерациясы (IBF) орта салмақта осы тұжырымның чемпионы, қазақстандық былғары қолғап шебері Геннадий Головкинге (40-1-1, 35 КО) белбеуін қорғауды міндеттеді.

Triple G-дің келесі қарсыласы поляк боксшысы Камил Шеремета (21-0, 5 КО) болмақ. Ол IBF чемпиондық белбеуіне міндетті қарсылас. Қос боксшының арасындағы жекпе-жек 8 не 29-шы ақпан күні өтуі мүмкін. Әзірге уақыты нақтыланбаған. Ал жекпе-жекті АҚШ-тың Чикаго қаласындағы Wintrust аренасы қабылдайды деп күтілуде.

- Келесі аптада Головкинмен жолығамын. Бейсенбі күні кездесіп, оның келесі жекпе-жегі туралы сөйлесеміз. Головкиннің міндетті қарсыласы - Камил Шеремета. IBF бұл жекпе-жекке рұқсат етті, - деді Эдди Хирн FightHub TV арнасына берген сұқбатында.

Бұған дейін Головкин мен Шеремета жекпе-жек үшін қанша сыйақы алатынын келіскен болатын. Поляк боксшысы бұл жекпе-жек үшін 235 мың еуро сыйақы алмақ. Бұл оның мансабындағы ең қомақты қаражат.

30 жастағы Камил Шеремета мансабында 21 жекпе-жек өткізіп, бәрінде жеңіске жеткен. Оның бесеуін уақытынан бұрын аяқтаған екен.

Естеріңізде болса, Геннадий Головкин 5 қазан күні украиналық Сергей Деревянченкоға (13-2, 10 КО) қарсы жекпе-жекте орта салмақтағы бос IBF және IBO белбеулерін жеңіп алған болатын.  

Дайындаған: Айбар Рысдәулет
Фото: DAZN
Қосылған күні: 07 қараша, 12:41