Мемлекет басшысы әйгілі теннисшілер Рафаэль Надаль және Новак Джоковичпен кездесті

Мемлекет басшысы әйгілі теннисшілер Рафаэль Надаль және Новак Джоковичпен кездесті
Фото: akorda.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атақты теннисшілерді "Ақорда" резиденциясында қабылдап, Рафаэль Надаль мен Новак Джоковичке Қазақстанға келгендері және қайырымдылық матчына қатысатындары үшін ризашылығын білдірді. Бұл туралы "Ақорданың" ресми сайты хабарлады.

– Бұл – қазіргі заманның даңқты теннисшілерінің ойынын Қазақстанда көруге керемет мүмкіндік. Аталған матчтың қайырымдылық мақсатта өтіп отырғаны аса маңызды. Сіздердің астанамызға келгендеріңіз Қазақстанда дамып келе жатқан тенниске үлкен қолдау екені даусыз. Бүгінгі балаларға көрсететін шеберлік сабақтарыңыз оларға жақсы үлгі болады және шабыттандырады деп сенемін,– деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстандағы теннистің дамуына жоғары баға берген Рафаэль Надаль мен Новак Джокович Президентке кездесуге мүмкіндік жасағаны және тенниске көрсетіп отырған қолдауы үшін алғыстарын айтты.

– Бұл менің Қазақстанға үшінші рет келуім. Әр келген сайын әсем Елорданың келбетінен рахат табамын. Дегенмен бұл жолғы сапарым ерекше. Өйткені ғажап "Ақорда" сарайында Өзіңізбен кездесуге мүмкіндік алдым, – деп атап өтті Рафаэль Надаль.

– Президент мырза, Қазақстанда тенниске көрсеткен қолдауыңыз үшін алғысымды білдіргім келеді. Біз елдеріңізде теннистің насихатталуына және дамуына өз үлесімізді қосатынымызға қуаныштымыз, – деді Новак Джокович.

Қасым-Жомарт Тоқаев спортшыларға табыс тілеп, Рафаэль Надальді шаңырақ көтеруімен құттықтады.

А. Рысдәулет