19 жасар шабуылшы Марко ван Бастеннің рекордын қайталады

УЕФА Чемпиондар лигасы топтық кезеңінің 2-тур ойындары аяқталды. Турдың ең қызықты матчы "Энфилдте" өтті.

Аустрияның "Зальцбург" командасын қабылдаған "Ливерпуль" әрең жеңіске жетті. Қос команда 90 минутта 7 гол соғып үлгерген. "Зальцбургтың" жас шабуылшысы ерекше жетістікке жетті. 19 жасар Эрлинг Бреут Холанд Чемпиондар лигасының алғашқы екі матчында төрт гол соққан төртінші футболшы ретінде тарихқа енді. Мұндай жетістікке голландиялық Марко ван Бастен, аргентинандық Диего Симеоне және ивуарлық Дидье Дрогба секілді даңқты футболшылар жеткен.

"Керемет матч. Жоғары деңгейде ойнай алатынымызды дәлелдедік. Матчты тең аяқтауға жақын едік. Мүмкін бұдан да жақсы нәтижеге қол жеткізер едік, бірақ қарсыласымыз анау-мынау емес, "Ливерпульдің" өзі болды. Олармен "Энфилдте" ойнау әлемдегі ең қиын миссия. 

Әкем әркез "Энфилдте" гол соққанын мақтан тұтып жүретін. Енді оған: "Мен де соқтым!" деп жауап қайтара аламын, - дейді жас шабуылшы. Әкесі Альф-Инге Холанд кезінде Англияның "Ноттингем Форест", "Лидс Юнайтед" және "Манчестер Сити" секілді командаларында доп тепкен.

Ал "Барселона" болса үшінші минутта "Интерден" гол жіберіп, тек ойынның екінші бөлігінде жеңіске жұлып алды. Сондай-ақ "Боруссия" сырт алаңда "Славияны", ал "Челси" "Лилльді" ұтты. "Аякс" Испанияда "Валенсияның" қақпасына жауапсыз үш гол соғуға қауқары жетті. Ресейлік "Зенит" Португалияның "Бенфикасынан" айласын асырса, "Лион" "РБ Лейпцигтен" басым түсті. Турдың жалғыз тең аяқталған матчы "Генк" пен "Наполи" арасында өтті.

УЕФА Чемпиондар лигасы топтық кезеңінің 2-тур ойындары нәтижесін назарларыңызға ұсынамыз.

Е тобы

"Генк" (Бельгия) — "Наполи" (Италия) — 0:0

"Ливерпуль" (Англия) — "Зальцбург" (Аустрия) — 4:3 (3:1)

Голдар: Мане, 9; Робертсон, 25; Салах, 36; Салах, 69 — Хван Хи Чхан, 39; Минамино, 56; Холанн, 60.

F тобы

"Славия" (Чехия) — "Боруссия" (Германия) — 0:2 (0:1)

Голдар: Хакими, 35; Хакими, 89.

"Барселона" (Испания) — "Интер" (Италия) — 2:1 (0:1)

Голдар: Суарес, 58; Суарес, 84 — Мартинес, 3.

G тобы

"Зенит" (Ресей) — "Бенфика" (Португалия) — 3:1 (1:0)

Голдар: Дзюба, 22; Диас, 70 (өз қақпасына); Азмун, 78 — Де Томас, 85.

"РБ Лейпциг" (Германия) — "Лион" (Франция) — 0:2 (0:1)

Голдар: Депай, 11; Терье, 65.

H тобы

"Валенсия" (Испания) — "Аякс" (Нидерланды) — 0:3 (0:2)

Голдар: Зиеш, 8; Промес, 34; Ван де Бек, 67.

Соғылмаған пенальти: Парехо, 25 ("Валенсия").

"Лилль" (Франция) — "Челси" (Англия) — 1:2 (0:1)

Голдар: Осимен, 33 — Абрахам, 22; Виллиан, 78.