Мемлекет басшысы боксшы Бекзат Нұрдәулетовті құттықтады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев күні кеше бокстан Әлем чемпионы атанған Бекзат Нұрдәулетовті жарқын жеңісімен құттықтады. Президент құттықтау сөзін Twitter желісіндегі парақшасында жариялады.

"Бекзат Нұрдәулетовті Екатеринбургте өткен бокстан Әлем чемпионатында көрсеткен керемет өнерімен құттықтаймын. Ол бокстың жарқын үлгісін көрсетті. Спортта Бекзат зор табысқа жетеді деп сенемін. Токио Олимпиадасында Бекзатқа жеңіс тілеймін! Тек қана алға!", - деп жазды Қасым-Жомарт Тоқаев.

Еске сала кетейік, Ресейдің Екатеринбург қаласында өткен Әлем чемпионатында 81 кг салмақта қазақстандық боксшы Бекзат Нұрдәулетов чемпион атанды. Ол финалда өзбекстандық боксшы Дилшодбек Рузметовпен жұдырықтасып, төрешілер шешімімен 5:0 есебін жеңіске жетті.

Бекзат Нұрдәулетов 1998 жылы Ақтау қаласында өмірге келген. 2016 жылы Ресейде өткен жастар арасындағы әлем чемпонатының қола жүлдегері. Шілде айында өткен Қазақстан Президентінің Кубогында финалда Ерік Әлжановқа есе жіберіп, күміс жүлде алған.