Жансая Әбдімәлік әлемнің үздік клубында өнер көрсетеді

Жансая Әбдімәлік әлемнің үздік клубында өнер көрсетеді
Фото: kazchess.kz

Қазақстандық шахматшы қыз Жансая Әбдімәлік әлемге әйгілі "Баден-Баден" атты немістің суперклубымен келісімшартқа отырды.

Неміс Бундеслигасының бірнеше мәрте чемпионы қанатының астына классикалық, жылдам және блиц шахматтан әр жылдары әлем чемпионы атанған әлемнің үздік спортшыларын алған. Танымал клубтың әйелдер құрамына Хоу Ифань (Қытай), Анна және Мария Музычуктар (Украина), Александра Костенюк (Ресей), Антоанета Стефанова (Болгария) секілді мықты шахматшылар кіреді.

Ерлер құрамы да танымалдығы жағынан қалыспайды: Фабиано Каруана, Максим Вашье-Лаграв, Вишванатан Ананд, Левон Аронян, Петр Свидлер секілді мықты шахматшылары бар. 

"Баден-Баден" клубының негізі 1930 жылы қаланған. Алғашында 15 шахматшы достар Баден-Осер қаласындағы "Goldener Stern" қонақ үйінде клубты құрып, түрлі жарыстарға қатысады. Ал кәсіпқой түрде айналысуды тек 1998 жылы бастайды. Сол жылы "Баден-Баден" клубы немістің деңгейі жағынан бесінші лигасында (Mittelbaden) өнер көрсете бастайды. Осыдан кейін Grenkeleasing AG алпауыт компаниясының бас директоры Вольфганг Гренке клубты қаржыландырып, оның дамуына жаңа жол ашады. Команда жаңа мыңжылдықтың басталуымен жеңіс тұғырына көтерілді. "Баден-Баден" қыздар командасы 2003-2005, 2008-2013 және  2015-2016 жылдар аралығында немістің Бундеслигасында қарсылас шақ келтірмей, чемпион атанған.

2019/2020 маусымында Жансая Әбдімәлік командасымен бірге 11 турға қатысады. Нәтижесінде 2020 жылыдың мамыр айында Бундеслиганың чемпионы анықталады. Қазақ қызы Германиядағы бірінші кездесуін өткізіп те үлгерді. Неміс Бундеслигасының бірінші турында Жансая Әбдімәлік Швеция өкілі Инна Агресттен басым түсті.

"Баден-Баден" секілді даңқты клубтың маған қызығушылық танытып, командасына шақырғанына өте қуаныштымын. Бұл командаға қосылу қиын екенін, жаңа ойыншыны шақыру үшін клубтың көшбасшы шахматшыларымен кеңесетінін естідім. Биылғы маусымда кубокты жеңіп алу үшін командама қолымнан келгенше көмектесемін, - деді жас шахматшы.

Қазақстандық шахматшы қыз қазір FIDE рейтингінде 25-орында тұр. Жансаяның жетістігі аз емес. Талай халықаралық жарыстарда топ жарған. 8 жасқа дейінгі қыздар арасында Азия чемпионы (2008 жыл), оқушылар арасында екі дүркін әлем чемпионы (2010, 2012), жасөспірімдер арасында әлем чемпионы (2011 жыл), 20 жасқа дейінгі қыздар арасында әлем чемпионы (2017 жыл) және күмісі (2013 жыл) мен қоласын (2015 жыл) да алған. Ерлер (2017 жыл) мен әйелдер (2014 жыл) арасында халықаралық деңгейдегі гроссмейстер. Халықаралық деңгейдегі спорт шебері.

Өткен жылы Ресейдің Ханты-Мансийск қаласында өткен әлем чемпионатының ширек финалы дейін жетіп, қазақстандық шахматшылардың ішінде осындай жетістікке жеткен алғашқы спортшы атанды. Ал соңғы жарысын Жансая Әбдімәлік тамыз айында өткізді. Vienna Open халықаралық жарысында қазақстандық шахматшы қарсылас шақ келтірмей, жеңіске жетті.

А. Рысдәулет