Қазақ балуандары қола жүлде үшін күреседі

Қазақ балуандары қола жүлде үшін күреседі
Фото: Данияр Майлыбаев

Грек-рим күресінен әлем чемпионатында бақ сынап жатқан Асхат Ділмұхамбетов пен Мейрамбек Айнағұлов қола медаль үшін күресетін болды. Отандастарымыз жартылай финалда қарсыластарына жол беріп алды.

66 кило салмақта белдескен Мейрамбек жартылай финалға дейін қарсыластарының барлығын айқын ұтып келді. Алдымен Бразилия құрамасындағы бұрынғы қазақстандық балуан Марат Гариповтан басым болды. Одан кейін литвалық Юстас Петравичюсті 4:2 есебімен ұтты. Ширек финалда хорватиялық Иван Лизатовичті 10:0 есебімен таза жеңді. Алайда жартылай финалда ресейлік Сергей Емелинге 8:0 есебімен есе жіберіп алды.

Екі дүркін Олимпиада, екі дүркін әлем чемпионы Роман Власовты ұтқан Асхат Ділмұхамбетов те финалға шыға алмады. Отандасымыз 1/2 финалда венгриялық  Олимпиада ойындары мен әлем чемпионатының жүлдегері Тамаш Лоринцке есе жіберді. Кездесу 1:1 есебімен тең аяқталды. Соңғы ұпайды иеленген венгриялық спортшы финалға шықты.

Айта кетейік, Мейрамбек те, Асхат та жартылай финалға шығу арқылы 2020 жылы Токиода өтетін Олимпиада ойындарына жолдама иеленді.

Қазіргі таңда грек-рим күресінен Қазақстан құрамасының қоржынында 1 күміс, 1 қола медаль бар.

Н. Үсенова