Қазақ балуаны ресейлік екі дүркін Олимпиада чемпионын ұтты

Қазақ балуаны ресейлік екі дүркін Олимпиада чемпионын ұтты
Фото: massaget.kz

Қазақ балуаны Асхат Ділмұхамбетов күрес түрлерінен Нұр-Сұлтанда өтіп жатқан әлем чемпионатының 1/8 финалында ресейлік екі дүркін Олимпиада, екі дүркін әлем чемпионы Роман Власовты ұтты.

Грек-рим күресінен 77 кило салмақта белдескен қазақ балуаны қарсыласынан қаймыққан жоқ. Ұпайын алғаш болып алып, бірінші 3 минутта 2 ұпаймен алға шықты. Екінші үш минутта Роман ескерту алып, Асхатқа 1 ұпай жазылды. 3:0 нәтижесі сақталып, отандасымыз айқын жеңіске жетті.

Асхат Ділмұхамбетов бірінші белдесуінде чех балуанын 9:0 есебімен ұтқан. Ширек финалда серб балуанымен кездеседі.

Роман Власов 2012 және 2016 жылы өткен Олимпиада ойындарында топ жарған тәжірибелі балуан. Екі дүркін әлем чемпионы атағына ие. Сондай-ақ Еуропа чемпионатында төрт рет жеңімпаз болған.

Айта кетейік, бүгін 60, 77 және 130 келіге дейінгі салмақ дәрежесіндегі балуандар бақ сынауда. Ауыр салмақта боз кілемге шыққан Мансур Шадукаев екінші белдесуінде қырғыз балуанына жол беріп алды.

60 кило салмақта Мейрамбек Айнағұлов жарысты сәтті жалғастырып келеді. Отандасымыз үш бірдей балуанды ұтып, жартылай финалға шықты.

Мейрамбек Айнағұлов пен Асхат Ділмұхамбетов Олимпиада жолдамасын иеленді

Н. Үсенова