Алматыда триатлоннан TEMIRADAM кубогы кезеңі өтті

Алматыда триатлоннан TEMIRADAM кубогы кезеңі өтті
Фото: triathlon.org.kz

3-4 тамыз күндері Алматыдағы Сайран көлінде Қазақстан триатлон федерациясы ұйымдастырған TEMIRADAM кубогының сегізінші кезеңі өтті. Жарысқа IRONMAN чемпионаты секілді 18 бен 60 жас аралығындағы әуесқой триатлоншылар қатысты.

TEMIRADAM кубогының финалдық кезеңі күзде Ақтауда өтеді. Алматыдағы сегізінші кезеңге 182 спортшы, 10 команда (үш адамнан) қатысты. Олардың қатарында Грузия, Қырғызстан, Ресей, Украина, Өзбекстан, Оңтүстік Корея елдерінен келгендер бар. Олар олимпиадалық қашықтық (1500 м жүзу, 40 шақырым веложарыс, 10 шақырым жүгіру) бойынша бақ сынады.

Сайран көлінде өткен жарыста күн ыстық болды. Дегенмен жарыс жылдамдығы ауа райына байланысты бәсеңдеп қалған жоқ. Бәсекелестік жоғары болды.

Ерлер арасында бірден көш бастаған тәжірибелі триатлоншы Павел Артюшенкоға жетер қарсылас табылмады. Ол 2 сағат, 9 минут, 55 секунд уақыт көрсеткішімен жарыс жеңімпазы атанды. Одан кейінгі орындарға Максим Мазур мен Максим Мжельский жайғасты.

Әйелдер арасындағы жарыста да тәжірибелі спортшылар топ жарды. 2004 жылы Олимпиада ойындарына қатысқан алматылық танымал триатлоншы Екатерина Шатнаяға тең келер қарсылас табылмады. Ол 2 сағат, 27 минут, 8 секунд уақыт көрсеткішімен жеңімпаз болды.

Эстафеталық командалар арасында AlmatyBroTeam (Алматы) командасы үздік шықты.

Өзге жас шамасы бойынша жеңімпаз атанғандар:

Ерлер:

M18-24 Диас Күнтуаров (Нұр-Сұлтан): 02:34:35;
M25-29 Максим Мжельский (Алматы): 02:17:45;
M30-34 Арсений Елисеев (Мәскеу, Ресей):02:09:55;
M35-39 Михаил Кувшинников (Алматы): 02:15:50;
M45-49 Владислав Көпбосынов (Алматы): 02:31:45;
M50-54 Талгат Жұмағалиев (Алматы): 02:38:41;
M55-59 Дандыбай Әлімбаев (Шымкент): 02:57:51.

Әйелдер:

F25-29 Алена Уварова (Коркино, Ресей): 02:47:05;
F30-34 Анастасия Чёрная (Запорожье, Украина): 02:40:12;
F35-39 Дина Шаймерденова (Алматы): 02:37:43;
F45-49 Kim Kyungsook (Оңтүстік Корея): 03:01:58;
F55-59 Алия Айтказина (Алматы): 03:36:20.

Жарыс қорытындысы мен өзге де қатысушылар жайлы толық ақпаратты triathlon.org.kz сайтынан қарай аласыздар.

Н. Үсенова