Қазақстан ұлттық құрамасы Токио Олимпиадасына қатысуға ресми шақырту алды

Қазақстан ұлттық құрамасы Токио Олимпиадасына қатысуға ресми шақырту алды
Фото: neupusti.net

Қазақстан Республикасының Ұлттық Олимпиадалық комитеті XXXII жазғы Олимпиада ойындарына қатысуға ресми шақырту алды. 

Халықаралық Олимпиадалық комитеттен келген (ХОК) шақырту хатқа ХОК президенті доктор Томас Бахтың қолы қойылған. ХОК дәстүр бойынша Олимпиадаға бір жыл уақыт қалғанда ұлттық олимпиадалық комитеттерге шақырту жібереді.

"Қазіргі таңда Қазақстан командасында 10 лицензия бар. Олимпиадаға жолдаманы жүзуші Дмитрий Баландин (100, 200 метр, брасс), жеңіл атлеттер Ольга Рыпакова мен Георгий Шейко, велошабандоз Евгений Гидич (лицензия белгілі бір спортшыға берілмейді), классикалық садақ атудан Қазақстанның ерлер командасы (Денис Ганькин, Ильфат Абдуллин, Санжар Мұсаев) және ашық суда жүзуші Виталий Худяков иеленді. Садақ ату спортынан Қазақстан командалық және жекелей сайыста да өнер көрсетеді", - делінген ҚР Ұлттық Олимпиадалық комитетінің ақпаратында.

Токиодағы Олимпиада ойындары 2020 жылдың 24 шілдесінде басталады. Жарысқа әлемнің 206 елінен 11 мыңнан астам спортшы қатысады деп күтілуде. Олимпиаданың жабылу салтанаты 9 тамызда өтеді.

А. Қажиев