Нұр-Сұлтанда триатлоннан Әлем кубогы өтеді

Нұржамал Үсенова Корреспондент
Нұр-Сұлтанда триатлоннан Әлем кубогы өтеді
Фото ©️ http://triathlon.org.kz

15-16 маусымда Нұр-Сұлтан өз тарихында екінші рет халықаралық турнир - "2019 Nur-Sultan ITU Triathlon World Cup" атты триатлоннан Әлем кубогін қабылдайды.

БӨЛІСУ

Сайыс Қазақстан Республикасы мәдениет және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері бойынша комитетінің, "Самрұқ-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры" АҚ, ҚР Ұлттық олимпиада комитетінің, Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігінің, BI Group компаниясының қолдауымен өткізіледі.

Жарысты Қазақстан триатлон Федерациясы және Астана триатлон Федерациясы ұйымдастыруда. Елорда төріндегі аламан додаға әлемнің 37 елінен 130-ға тарта спортшы қатысады деп күтілуде.

Халықаралық турнирдің басты мақсаты - Қазақстанда триатлонды дамыту және салауатты өмір салтын насихаттау, қазақстандық кәсіби спортшылардың, бапкерлер мен төрешілердің біліктілігін арттыру және үздік спортшыларды анықтау.

Elite санатындағы (кәсіпқой) спортшылардың "стандартты" қашықтықтағы сайысы үш кезеңнен құралатын болады: 1500 м жүзу + 40 км веложарыс + 10 км жүгіру.

2019 Nur-Sultan ITU Triathlon World Cup – әлемнің 123 ұлттық федерацияларының басын қосқан Халыққаралық Триатлон Одағының (ITU) бастамасымен кәсіби спортшылар арасында өткізілетін халықаралық турнир.