Champions Swim Series. Баландин екінші кезеңде қола алды

Champions Swim Series. Баландин екінші кезеңде қола алды
Фото: olympic.kz

Будапештте жүзуден әлемдік Champions Swim Series турының екінші кезеңі аяқталды. Қазақстандық спортшы Дмитрий Баландин 200 метрге брасс әдісімен жүзуде қола жүлде еншіледі.

Олимпиада чемпионы 200 метр қашықтықты 2 минут 10.73 секундта жүзіп шықты. Нәтижесінде үздік үштікке енді. Ресейлік Антон Чупков екінші кезеңде де жеңімпаз атанды. Оның уақыт нәтижесі 2 минут 8.23 секунд болды.

Жарыста күміс медальды жапон спортшысы Иппэй Ватанабэ еншіледі. Ол 2 минут 8.61 секундта жүзіп өтті. Сондай-ақ 200 метрді брасс әдісімен жүзуде ол әлемдік рекорд иегері. 2017 жылы Токиода өткен турнирде үздік нәтиже (2:06.67.) көрсеткен.

Аралас эстафета жарысында да Дмитрий Баландин қола жүлдегерлер қатарынан көрінді.

Будапешттегі жарыстан кейін отандасымыз жаттығуын АҚШ-та жалғастырады. Дмитрийді АҚШ-тағы ең танымал бапкерлердің бірі Дэйв Сало жаттықтырады. Ал ұлттық құрама мүшелері Әділбек Мусин мен Әділ Қасқабай талай әлем және Олимпиада чемпиондарын шығарған жаттықтырушымен жұмысын бастап та кетті.

Айта кетейік, Дмитрий Баландин Champions Swim Series турының бірінші кезеңінде төртінші орын алып, 2020 жылғы Олимпиада лицензиясын иеленген болатын.

Жарыстың соңғы кезеңі 31 мамыр мен 1 маусым аралығында Индианаполисте (АҚШ) өтеді.

Ө. Сансызбай