Қазақ спортшылары аралас жекпе-жектен Азияның алды болды

1-4 мамыр аралығында Тайланд елінің астанасы Бангкокта аралас жекпе-жектен Азия чемпионаты өтті. Қазақ спортшылары барлығы 7 алтын, 9 күміс, 5 қола медаль еншілеп, жалпыкомандалық есепте бірінші орын алды.

Бүгін Алматыда сары құрлықтың басты додасындағы нәтиже мен спортшылардың жетістігіне арналып арнайы баспасөз жиыны өтті, - деп хабарлайды Vesti.kz сайты.

Алғаш болып сөз алған Қазақстанның ММА аралас жекпе-жек бірлескен федерациясының бас директоры Валихан Тен қуанышын айрықша жеткізді.

- Жарыс мен үшін ерекше болды. Біз алғаш рет үлкен команда болып қатыстық. Мұндай құраммен баратынымызды ешкім де күткен жоқ. Жарыс ашық аспан астында өткендіктен спортшыларымызға қиындық тудырғаны рас. Бірақ біздің спортшылар барын салды. Бірінші күні-ақ барлық жанкүйерлер мен сарапшылар таң-тамаша болды. Біздің спортшылар соңына дейін күресе білді. Бұл - үлкен қуаныш болды. Спортшыларымыз жеңіске жетіп, Қазақстанның әнұраны жиі шырқалғандықтан, көбі жаттап та алды. Біз ММА спортынан мықты екенімізді көрсеттік. Енді әлем чемпионатына дайындаламыз, - деді Тен.

Ұлттық құраманың бас жаттықтырушысы Баян Жанғалов та спортшылардың Азия чемпионатындағы жетістігін жоғары бағалады.

-  Біздің құрама ең мықты спортшыларымен барды. Біз барлық салмақта көшбасшы болуға, жүлде алуға ұмтылдық. Барлық салмақта екі адамнан қатысты. Біздің басты қарсыластарымыз Бахрейн, Аустралия, Жаңа Зеландия елдерінің спортшылары болды. Төрешілікке қатысты сұрақтар да болды. Өкінішке қарай, бізге наразылық білдіруге тыйым салынды. Мұны біз Конгресс кезінде көтеретін боламыз.

Спортшыларымыздың жетістігімен барлықтарыңызды құттықтаймын. Біз Азиядағы ең мықты құрама екенімізді дәлелдедік. Алда бізді әлем чемпионатына іріктеу кезеңі күтіп тұр. Онда Ресей мен Швеция, сондай-ақ Америка мен Африка құрлықтарының мықты спортшылары күтуде. Бәсекелестік өте жоғары. Біздің мақсат - әрқашан үздік үштікте болу, - деді бас жаттықтырушы.

Жарысқа әйедер құрамасын бастап барған Нұрлан Мамыралиев те өз шәкірттерінің жетістігін ерекше атап өтті.

- Ұлттық құраманы құттықтаймын, әсіресе қыздарды. Бізде ММА-дан қыздар арасындағы дәрежеміз енді көтеріліп келеді. Көп қыздарымыз осындай ірі жарысқа алғаш рет барды. Өздерін тамаша қырларынан көрсете де білді. Қыздарымыздың болашағы бар. Көбірек еңбектенулері керек. Бұдан да жоғары жетістікке жету үшін күшімізді саламыз, - деді Мамыралиев.

Айта кетейік, Бангкоктағы Азия чемпионатында Аян Тұрсын (47,6 кило), Талшын Жұматаева (70,3), Бағдад Жұбаныш (52,2), Олжас Молдағалиев (61,2), Анатолий Золотых (65,8), Айдын Төлепбаев (77,1) және Мади Досмұхамедов (83,9) топ жарды.

Үкіліай Ахметуалиқызы (47,6), Нұржамал Садықова (52,2), Антонина Котляревская (70,3), Ерұлан Кабдулов (52,2), Әділхан Аязбаев (56,7), Дастан Амангелді (61,2), Еламан Шалқымбеков (65,8), Неймат Асадов (70,3) және Серік Абиров (93) күміс жүлде еншіледі.

Қазақстан құрамасының қоржынына түскен қола медальдарды Дархан Өмірбеков (56,7), Мажит Сардаров (70,3), Александр Вал (83,9), Александр Дя (120,2) және Эльдар Кударов (120,2) жеңіп алды.