Азия чемпионаты. Теміртас ұтты, Қайрат жүлдесіз қалды

Азия чемпионаты. Теміртас ұтты, Қайрат жүлдесіз қалды
Фото: Данияр Майлыбаев

Бокстан Тайланд елінің астанасы Бангкокта Азия чемпионаты өтуде. Жарыстың бүгінге жоспарланған күндізгі жекпе-жектері аяқталды.

49 килоға дейінгі салмақта Қазақстанның бес дүркін жеңімпазы Теміртас Жүсіпов ширек финалда филиппиндік Рамел Макадоны ұтты. Екінші раундта екі боксшының да қабағы жарылып, жекпе-жек тоқтатылды. Оған дейінгі ұпай нәтижелері бойынша отандасымыз жартылай финалға жолдама алды. Теміртастың еншісінде кем дегенде қола жүлде бар.

Әлем чемпионы Қайрат Ералиев Азия чемпионатында жүлдесіз қалды. Ол ширек финалда үнді боксшысы Кавиндер Сингх Биштке төрешілер шешімі бойынша есе жіберді.

Қайрат жарыстан шығып қалған ұлттық құрама сапындағы екінші боксшы. Осыған дейін 1/8 финалда 52 килоға дейінгі салмақта Анвар Мұзаппаров жарысты ерте аяқтаған болатын.

Қыздар арасында Рио Олимпиадасының қола жүлдегері Дәриға Шәкімова моңғол қызы Эрденет Энхбаатарды ұтып, жартылай финалға шықты.

Жарыстың кешкі кездесулер кестесінде тағы үш боксшымыз шаршы алаңға шығады. Ерлер арасында (64 кило) Санатәлі Төлтаев Ираннан келген Әмір Махсудпен жұдырықтасады. 81 килода Бек Нұрмағанбет өзбек Дильшодбек Рузметовпен қолғап түйістіреді.

Қыздар арасында (48 кило) Алуа Балқыбекова филиппиндік Джози Габукомен кездеседі.

Ө. Сансызбай