Нұр-сұлтандық Әли Тұрғанбеков Мессимен кездесті

Нұр-сұлтандық Әли Тұрғанбеков Мессимен кездесті
Фото: instagram.com (ali_amir_happy)

Қазақстандық жас футбол жанкүйері Әли Тұрғанбеков әйгілі аргентиналық футболшы Лионель Мессимен кездесті. Сондай-ақ "Барселона" командасының жаттығу жиынына қатысты. Бұл туралы Әли Instagram парақшасында жазды.

Дүниеге келгенде екі аяғы да болмаған Әли мүгедек жандар қатарында. Аяғы болмаса да, доп ойнауға құмары басым. Спорттың бұл түрімен байланысты бағдарламаларды үзбей қарайды.

Әли Тұрғанбеков Лионель Мессимен бірге суретке түсіп, Қазақстаннан алып барған шоколадын сыйлады. Әлеуметтік желідегі парақшасында кездесуден алған әсерін ерекше жеткізді.

- Месси басымнан сипаған сәтте ерекше сезімде болдым. Барлығы үшін Жаратқанға алғысым шексіз. Сеніңіздер, шын ниетпен сұраңыздар, бәрі өз қолдарыңызда! Мен армандадым, ата-анам орындауға тырысты, Жаратқан жар болды", - деп жазды Әли.

- Жаратқанға Әли мен Әмірдің арманын орындағаны үшін алғысым шексіз. Әли армандады, Жаратқан оның арманын орындады. Біз Қайрат Боранбаев мырзаға осы сапарға демеушілік жасап, қолдау көрсеткені үшін алғыс айтамыз. Бұған дейін "Барселона" клубына арнайы ұсыныс жасап келгенбіз. Кездесуге рұқсат беріп, жол ашылғанда барып қайтуға көп қаржы қажет болды. Ол жаққа барып, келу мен онда жатын орын жалдап тұру біз үшін өте қымбат болатын. Осы кезде бізге көмекке Қайрат Боранқұлов мырза келді. Әлиді Барселонаға шақырып жатқанын естіген ол, сапарымыздың құнын төлеп берді. Сізге алғысымыз шексіз, армандарыңыз орындала берсін!,- деп жазды балалардың анасы facebook желісіндегі парақшасында.

Осы ретте ол сапар барысында қолдау көрсеткені үшін Қазақстанның Барселонадағы консулдық қызметкері Ринат атты азаматқа да алғысын білдіре кетті.

"Қазақстандық Ник Вуйчич" атанып жүрген Әли осыған дейін де футбол жұлдыздарымен кездескен. Наурыз айында Андрей Шевченко жаттықтыратын Украина ұлттық құрамасы ойыншыларымен жүздескен еді. Ал өткен жылы Диего Марадона және ПСЖ клубының футболшыларымен кездескен болатын.

Ө. Сансызбай