Головкин маусымда канадалық боксшымен жұдырықтасады

Головкин маусымда канадалық боксшымен жұдырықтасады
Фото: HBO Boxing

Қазақстандық кәсіпқой боксшы Геннадий Головкин (38-1-1, 34 КО) 8 маусым күні канадалық боксшы Стив Роллспен (19-0, 10 КО) жұдырықтасады. Ресми ақпаратты DAZN стримингтік сервисі хабарлады.

Жекпе-жек Нью-Йорктегі Madison Square Garden аренасында өтеді. Отандасымыз жаңа стримингтік компаниямен келісімшарты бойынша алғашқы кездесуіне шығады.

Боксшылардың жекпе-жегі 164 фунтқа дейінгі салмақ дәрежесінде өтеді деп күтілуде. DAZN әлеуметтік желілердегі парақшаларында отандасымыз жайлы "Ол оралады" деп хабарлады.

35 жастағы канадалық боксшы кәсіпқой бокста жеңілістің кермек дәмін татып көрмеген. Екінші орта салмақта жұдырықтасады. 

Шаршы алаңдағы шайқастарының көпшілігін өз елінде өткізген. Алты рет АҚШ-та жұдырықтасқан. 2015 жылы 8 раундтық жекпе-жекке шыққан. Ал 2018 жылы 10 раундтық кездесуге шығып, USBA жүйесі бойынша АҚШ чемпиондық атағына ие болған.

- Мен шаршы алаңға оралғаныма өте қуаныштымын. Madison Square Garden аренасында Big Drama Show-ды күтіңіздер! MSG фанаттары – керемет. Мен боксты жақсы көремін. Роллске қарсы жекпе-жегімді көретін жанкүйерлер үшін өзімді айрықша қырымнан көрсетуге уәде беремін, - деді GGG қарсыласы анықталғаннан кейінгі алғашқы сұқбатында.

Жекпе-жек бойынша екі үлкен баспасөз жиыны өтеді. Біріншісі 22 сәуір күні Нью-Йоркта болса, екіншісі 23 сәуірде Лос-Анджелесте өтеді. Билеттер 20 сәуірден бастап сатылымға шығады.

Гена DAZN стримингтік сервисімен үшжылдық келісімшартқа (6 жекпе-жек) қол қойған болатын. Стивке қарсы осы келісім бойынша алғашқы жекпе-жегіне шығады. 

Маусымдағы жекпе-жектен кейін Геннадий Головкин мен Сауль "Канело" Альварес арасындағы үшінші жекпе-жек ұйымдастырылуы да мүмкін. Ол үшін мексикалық боксшы 4 мамыр күні Лас-Вегаста америкалық Дэниель Джейкобсты жеңуі тиіс.

Ө. Сансызбай