Азия чемпионатына қатысатын қазақ боксшылары белгілі болды

Азия чемпионатына қатысатын қазақ боксшылары белгілі болды
Фото: @ Данияр Майлыбаев

16-26 сәуір аралығында Таиланд елінің астанасы Бангкокта бокстан Азия чемпионаты өтеді. Сары құрлықтың басты додасында қазақ боксшылары да бақ сынайды. Тек жеңістің ең биік шыңынан көрінуге үмітті.

Бокстан Азия чемпионаты өткен ғасырдың 60-шы жылдарынан бері ұйымдастырылып келеді. Ал Қазақстан құрамасы алғаш рет 1994 жылы Иран жерінде өткен бәсекеге қатысты. Қатысып қана қоймай, жалпыкомандалық есепте бірінші орын алды. Болат Жұмаділов (51 кг), Болат Ниязымбетов (63,5 кг), Нұржан Сманов (67 кг), Қанатбек Шағатаев (71 кило) жəне Аркадий Топаев (75 кг) алтын медаль еншілеп қайтты.

Қазақ боксшылары сары құрлықтағы ең мықты құрамалардың біріне айналды. Азияның алды болу үшін барын салып-ақ келеді. Бангкок шаршы алаңында да қарсыластарына басымдықтарын айқын дәлелдейді деп сенеміз. Сондай-ақ бірер ай бұрын ғана ұлттық құрама тізгінін ұстаған Ғалымбек Кенжебаев үшін бұл жарыс алғашқы үлкен бәсеке болмақ.

Бас жаттықтырушы Азия чемпионатына қатысатын боксшылар есімін атап та үлгерді. Бұл жайында Қазақстан бокс федерациясы сайтында хабарланды.

- Барлық боксшылар - ел чемпиондары. Тек 69 және 75 кг салмақта ғана ел чемпионатында топ жарған боксшылар бара алмайды. Абылайхан Жүсіпов Болгариядағы халықаралық турнирде қолын сындырып алған еді. Ал Әбілхан Аманқұл жарақатынан емделіп жүр. Азия чемпионатына осыған дейін ұлттық құрама сапында бақ сынап жүрген тәжірибелі боксшылар барады, - деді Ғалымбек Кенжебаев.

Қазақстан құрамасының құрамы:

49 кг - Теміртас Жүсіпов
52 кг - Әнуар Мұзапаров
56 кг - Қайрат Ерәлиев
60 кг - Зәкір Сафиуллин
64 кг - Санатәлі Төлтаев
69 кг - Асланбек Шымбергенов
75 кг - Тұрсынбай Құлахмет
81 кг - Бек Нұрмағанбет
91 кг - Василий Левит
+91 кг - Қамшыбек Қоңқабаев

Айта кетейік, Қазақстан құрамасының Азия чемпионатындағы басты қарсыластары Өзбекстан, Үндістан, Филиппин және Таиланд елінің боксшылары болмақ.

Ө. Сансызбай