Универсиада-2019. Жанбота Алдабергенова алғашқы жүлдені қоржынға салды

Универсиада-2019. Жанбота Алдабергенова алғашқы жүлдені қоржынға салды
Фото: zimbio.com

Ресейдің Красноярск қаласында 2019 жылғы қысқы Универсиада ойындары өтуде. Қоржынға түскен алғашқы жүлде қола болды.

Жарыстың екінші күні фристайлдың акробатика түрінен бақ сынаған Жанбота Алдабергенова үшінші орыннан көрінді. Төрешілер қазақстандық спортшыға 79,38 ұпай берді. Ал алтын медальды 100,29 ұпайға ие болған беларусь қызы Александра Романовская иеленді. Күміс медаль ресейлік Любовь Никитинаға (91,29 ұпай) бұйырды.

Жанботамен бірге Аяна Жолдас та жарыс жолына шыққан. Ол төртінші орыннан көрінді.

Айта кетейік, Жанбота Алдабергенова әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 4 курс студенті. 2017 жылы Алматыда өткен қысқы Универсиада ойындарында да қола медаль иеленген.

Ө. Сансызбай