Айдос Ербосынұлы Алматыда намибиялық боксшымен жұдырықтасады

Айдос Ербосынұлы Алматыда намибиялық боксшымен жұдырықтасады
Фото: SP Boxing

Қазақстандық кәсіпқой боксшы Айдос Ербосынұлы (10-0, 8 КО) 24 наурыз күні Алматыда екінші деңгейлі WBO Global, WBC Asia және WBA Inter-Continental чемпиондық белбеулері үшін жекпе-жек өткізеді. Отандасымыздың қарсыласы анықталды, - деп хабарлайды Vesti.kz сайты.

Айдос Ербосынұлы намибиялық боксшы Лукас Ндафолумен (15-1, 6 КО) жұдырықтасады. 10 раундқа жоспарланған жекпе-жек "Алматы Аренада" өтеді.

Намибиялық боксшы кәсіби мансабын 2011 жылдың шілде айында бастаған. "Қиратушы" деген лақап атпен танылған. Орта салмақта WBF чемпиондық белбеуін иеленген. Жекпе-жектерінің басым бөлігін Намибия, ОАР және Зимбабведе өткізген. Тек бір ғана кездесуін Ұлыбританияда өткізіп, бельгиялық боксшы Крэйг Каннингемадан (19-3, 4 КО) жеңілген.

Қазақстандық кәсіпқой боксшы соңғы рет 23 желтоқсанда жұдырықтасты. Мәскеуде бельгиялық боксшы Илияс Ачергиді (12-4-1, 6 КО) жеңіп, WBO Global белбеуін иеленген еді. Сондай-ақ WBC Asia чемпиондық атағын сәтті қорғады.

Айдос Ербосынұлы кәсіпқой бокстағы 10 кездесуінде де жеңіске жетті. 8 жекпе-жегінде қарсыласын нокаутпен ұтты. Қазақстаннан өзге Ресей, Украина мен АҚШ-та өткен бокс кештерінде бақ сынады.

Ө. Сансызбай