Болгарияда боксшыларымызға бірде-бір алтын бұйырмады

Болгарияда боксшыларымызға бірде-бір алтын бұйырмады
Фото: kfb.kz

Бокстан Болгария елінің астанасы Софияда "Странджа" халықаралық турнирі аяқталды. Қазақ боксшыларына бірде-бір алтын медаль бұйырмады.

Жарысқа ұлттық құрама сапында 10 боксшы аттанған еді. Анвар Музаппаров (52 кг), Қайрат Ералиев (56 кг), Ерік Әлжанов (75 кг) пен Бек Нұрмағанбет (81 кг) жарысты ерте аяқтады. Ал команда капитаны Қамшыбек Қоңқабаев ширек финалда сүрінді. Қалған бес боксшымыз қарсыластарын айқын ұтып, финалға сүрінбей шықты.

Финалда қазақ боксшыларына сәттілік серік болмады. Кей жекпе-жектерде төрешілер бұра тартты. Кей кездесулерде қарсыластар мықтылығын мойындатты. Ал 69 кг салмақта Абылайхан Жүсіпов жарақатына байланысты шешуші шайқасқа шықпады. Өзбек Бобо Усмон Ботуров жұдырықтаспай-ақ жеңімпаз болды.

Жеңіл салмақта (49 кг) жұдырықтасатын Теміртас Жүсіпов финалда үнді боксшысы Амитке есе жіберді. Ал Закир Сафиуллин (60 кг) ресейлік Артур Субханкуловтан айласын асыра алмады.

64 кг салмақта алтынға таласқан Санатәлі Төлтаев сауатты жұдырықтасқан. Алайда төрешілер 3:2 есебімен ресейлік Александр Мазурға жеңісті берді.

Қазақстандық жанкүйерлер Василий Левит алтын алар деп күткен. Бірақ бұл үміт те ақталмады. 91 кг-ға дейінгі салмақта төрешілер ресейлік Садам Магомедовты жеңімпаз деп таныды.

Жарыс қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы 5 күміс медаль еншіледі.

Командалық нәтиже: 

1. Ресей - 4 алтын, 1 қола
2. Өзбекстан - 2-2-1 (5);
3. АҚШ - 1-1-2 (4);
4. Болгария - 1-1-1 (3);
5. Украина - 1-0-3 (4);
6. Үндістан - 1-0-0 (1);
7. Қазақстан - 0-5-0 (5);
8. Түркия - 0-1-1 (2);
9. Бразилия - 0-0-3 (2);

Н. Үсенова