Чемпиондар лигасы. ПСЖ мен "Рома" бірінші ойында жеңіске жетті

Чемпиондар лигасы. ПСЖ мен "Рома" бірінші ойында жеңіске жетті

Футболдан Чемпиондар лигасы 1/8 финалындағы ойындар басталды. Түнде өткен бірінші ойындарда ПСЖ мен "Рома" жеңіске жетті.

МЮ (Англия) - ПСЖ (Франция) 0-2


Екі команда арасындағы ойынды футболсүйер қауым асыға күткен. Аса жылдамдықпен өткен кездесудің бірінші таймында гол соғылмады. Есесіне сары қағаздардың саны көп-ақ болды. Италиялық төреші Орсато бірінші таймның өзінде 5 бірдей ойыншыға ескерту жасады.

Екінші таймды париждік команда ширақ бастады. 53 минутта қорғаушы Преснель Кимпембе бұрыштамадан асырылған допқа бірінші жетіп, гол соқты. Екінші голды қарымта шабуыл кезінде Килиан Мбаппе өз еншісіне жазды. Ол Анхель ди Мария асқан шеберлікпен берген пасты ұтымды пайдалана білді.

Ойында ереже бұзылған сәттер көп болды. Бас төреші бірде-бірін назардан тыс қалдырмады. Сары қағаз көрсетуден де жаңылған жоқ. Тіпті 90 минутта Поль Погба алаңнан да қуылды. Хавбек қарымта ойынға қатыспайды.

11 ойын қатарынан ұтылмай келген "қызыл сойқандардың" қарқынын ПСЖ ойыншылары тоқтатты. Қарымта ойын 7 наурыз күні Парижде өтеді.

"Рома" (Италия) - "Порту" (Португалия) 2:1


Римде өткен ойында да голдардың барлығы екінші таймда соғылды. "Романың" 19 жастағы жартылай қорғаушысы Николо Дзаньоло дубль жасады. Ал "Портудың" бір голын 79 минутта Адриан Лопес соқты.

Бұл екі клуб арасындағы қарымта ойын да 7 наурызда өтеді.

Бүгін түнде 1/8 финалдағы ойындар жалғасады. Лондонда "Тоттенхэм" Дортмундтың "Боруссия" клубымен кездеседі. Ал "Аякс" өз алаңында Мадридтің "Реалымен" ойнайды.

Ө. Сансызбай