Екі бірдей Олимпиадада күміс алған қазақстандық боксшы мансабын аяқтады

Екі бірдей Олимпиадада күміс алған қазақстандық боксшы мансабын аяқтады
Фото: Егемен Қазақстан

Лондон және Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері Әділбек Ниязымбетов бокспен қош айтысты. Бұл туралы Қазақстан бокс федерациясының ресми сайты хабарлады.

Боксшының спорттан кеткені Қазақстан чемпионаты алдында белгілі болды. Бұл жайында ұлттық құраманың бас жаттықтырушысы Мырзағали Айтжанов тарқата айтқан.

- Мен де, жанкүйерлер де Әділбектің бокстан кету туралы шешім қабылдағанына өкпелемес. Қайта қазақ боксының дамуына қосқан үлесі үшін оған құрметіміз жоғары болу керек. Ол еліміздің намысын әлемдік ареналарда қорғады. Екінің бірі Олимпиада мен әлем чемпионатының финалына шықпайды. Әділбек Азия ойындарының да жеңімпазы. Мұндай жетістікті кез келген боксшы бағындыра бермейді, - деген Мырзағали Айтжанов. 

Боксшының өзі "Егемен Қазақстан" газетіне берген сұқбатында да спорттағы кәсіби жолын аяқтағаны жайлы айта кетті.

– Менің бокстағы кəсіби жолым аяқталды деуге болады. Соңымыздан өсіп келе жатқан жастар бар. Мен алмаған асуды солар бағындырсын. 15 жыл бойы үнемі оқу-жаттығу жиындары деп үй бетін көрмей, үнемі түзде жүрдім. Спортта жетістікке жетумен бірге денсаулық та сыр берді. Үздіксіз жаттығулар салдарынан белімде "грыжа" пайда болған. Бұл Рио Олимпиадасы кезінде қатты қинады. Үйдегілер Лондон Олимпиадасынан кейін боксты қойсаңшы деген. Бірақ мен жаттығудың адамымын. Бірден тоқтағым келмеді. Рио Олимпиадасынан кейін үш турнирге ғана қатыстым. Биыл көктемде Қазақстан бокс федерациясы тарапынан бөлінген қаржымен Оңтүстік Кореяға ем-дом алуға барып келдім. Ол жақтағы мамандар белімнің қазіргі ахуалымен спортта жүре беруге болмайтынын қатаң ескертті. Бапкеріммен ақылдаса келе, былғары қолғапты шегеге ілуге тура келді, - деді боксшы.

Бокстан ел чемпионаты аяқталғаннан кейін ерлер арасында ұлттық құраманың капитаны сайланатын болады.

Әділбек Ниязымбетов - қазақ боксы тарихында Олимпиада жүлдесін екі реттен иеленген төрт боксшының бірі.

1. Ермахан Ибрайымов (қола - 1996, алтын - 2000)

2. Болат Жұмаділов (күміс - 1996, күміс - 2000)

3. Әділбек Ниязымбетов (күміс - 2012, күміс - 2016)

4. Иван Дычко (қола - 2012, қола - 2016) 

Ө. Сансызбай