Лестер трагедиясы. Команда ойыншылары клуб басшысымен қоштасты

Лестер трагедиясы. Команда ойыншылары клуб басшысымен қоштасты
Фото: twitter.com

Сенбінің кешінде "Лестер" футбол клубының басшысы Вишай Шривадданапрабха ұшақ апатынан көз жұмды. Қайғылы оқиға ағылшындық команда мен жанкүйерлері үшін ауыр соқты.

Ойыннан кейін тікұшақпен қайтатын тай кәсіпкері бұл жолы да әдетінен танбаған. "Лестер" және "Вест Хэм" ойыны аяқталғаннан кейін араға 1 сағат сала, әуе көлігіне отырған. Бір өзі ғана емес, жанында ұшқышпен қоса төрт адам болған. Тікұшақ көтеріле сала бірер минуттан кейін стадион маңындағы автотұраққа құлаған. Оқиғаны көзімен көргендер, ұшқыш өмірінің соңғы сәтінде ерлік жасағанын айтуда. Тікұшақты адамдар көп жүрген жерден алысқа қондыруға тырысқан.  

Қайғылы жағдайды клуб бір күннен кейін ресми түрде хабарлады. Жанкүйерлер "King Power" стадионы алдына гүл шоқтарын қойып, қайғыра еске алуда. Қаралы жиынға клуб ойыншылары да қатысты. Сондай-ақ команданың алдағы ойыны кейінге шегерілді.

Вишай Шривадданапрабха "Лестер" командасын 2010/2011 жылғы маусымда 38 миллион фунт стерлингке сатып алған болатын. Ол кезде команда Чемпионшипте ойнайтын. 2014 жылы клуб премьер-лигаға жолдама алды. Ал 2015/2016 жылғы маусымда ойда-жоқта Англия чемпионы атанып, айды аспанға шығарды.

Тай кәсіпкері әлемдегі бай-бақуатты тұлғалардың бірі болатын. Оның байлығы 3,3 миллиард доллар шамасында екен. Сондай-ақ King Power Duty Free дүкен желілерінің негізін қалаушы.

Түнде өткен "Тоттенхэм" мен "Манчестер Сити" ойынында жалғыз голды соққан Рияд Марез Вишай Шривадданапрабханы еске алды. Кейіннен голын бұрынғы командасының басшысына арнағанын айтты.


- Ол (Вишай Шривадданапрабха) мен үшін ерекше жан еді. Онымен төрт жарым жылдай бірге жұмыс жасадық. Бізді көп естеліктер байланыстырады. Өте жақсы адам еді. Соққан голымды қол жайып, соған арнадым. Ол мен үшін, "Лестер" командасы үшін көп жақсылық жасады, - деді Марез "Манчестер Ситидің" баспасөз қызметіне берген сұқбатында.

Қазіргі таңда "Лестер" ағылшын премьер-лигасында Х турдан кейін 13 ұпаймен 12-орында келеді. Ал клубтың алдағы жағдайы қалай болатыны әзірге белгісіз.

Ө. Сансызбай