"Астана" Еуропа лигасында "Яблонецпен" тең ойнады

О Сансызбай Корреспондент
"Астана" Еуропа лигасында "Яблонецпен" тең ойнады
Фото ©️ "Астана" ФК

Футболдан Еуропа лигасы топтық кезеңінің үшінші турында "Астана" сырт алаңда Чехияның "Яблонец" командасымен тең түсті.

БӨЛІСУ

Яблонец-над-Нисоу қаласындағы "Стршельнице" стадионында өткен кездесуде командалар 1:1 есебімен тарқасты. Ойындағы екі гол да бірінші таймда соғылды. 4 минутта Якуб Поваженц алаң иелерін алға шығарса, араға 7 минут сала Педро Энрике есепті теңестірді.

 


Екінші таймда да бұл есепке өзгеріс енген жоқ. Алаңға шыққан тың ойыншылар да өз командаларына жеңіс сыйлайтын голды соға алған жоқ. Нәтижесінде екі команда бір-бір ұпайға ие болды.

Топтағы үш ойынның қорытындысы бойынша "Астанада" 5 ұпай бар. Көш басында келеді. Киевтің "Динамо" клубында да 5 ұпай бар. Елордалық команда доп айырмашылығы бойынша алда тұр. "Ренн" клубында - 3, "Яблонецте" 2 ұпай бар.

Топтағы төртінші тур ойындары 8 қараша күні өтеді. "Астана" бұл жолы "Яблонецпен" өз алаңында ойнайды.