Қазақстандық балуан әлем чемпионатының финалына шықты

Қазақстандық балуан әлем чемпионатының финалына шықты
Фото: unitedworldwrestling.org

Қазақстандық балуан Нұрислам Санаев Венгрия елінің астанасы Будапештте өтіп жатқан әлем чемпионатының финалына шықты. Алтын жүлде үшін ресейлік балуан Заур Угуевпен белдеседі.

Төрткүл дүниенің кіл мықты балуандары жиналған доданы еркін күрес шеберлері бастады. Кеше түнде 57, 65, 79 және 92 кг салмақ дәрежелерінде жүлдеге таласатын балуандар белгілі болды. Олардың арасында қазақстандық Нұрислам да бар.

Еркін күрестен әлем чемпионы атанған қазақстандық балуан әзірге жоқ. Қазақ спортына бұйырмай жүрген бір жүлде. 1995 жылы Атлантада (АҚШ) өткен жарыста Қазақстан атынан шыққан Елмәди Жабырайыловтың (ұлты - шешен) тұңғыш чемпион атануға мүмкіндігі болған. Бірақ финалда америкалық Кевин Джексонға жол беріп, күміс алды. 2016 жылы Будапештте Олимпиада енбеген салмақ дәрежелері бойынша әлем чемпионаты өтті. Бұл жарыста 70 кг-ға дейінгі салмақта Нұрлан Бекжанов финалға дейін жеткен. Алайда шешуші белдесуде ресейлік Магомед Курбаналиевке жол беріп, күміс жүлдегер атанды. Ендігі кезек - Нұрисламда.

1993-2017 жылдар аралығында Қазақстанның ұлттық құрама командасы 20 рет əлем чемпионатына қатысты. Сол жарыстардың қорытындысы бойынша 10 жүлде (2 күміс+8 қола) еншіледі. Жоғарыда айта кеткен Елмәди мен Нұрлан күміс алса, Мəулен Мамыров (1997), Геннадий Лалиев (2003), Магомед Круглиев (2005), Леонид Спиридонов (2009), Əбілхакім Шəпиев (2010), Дəулет Ниязбеков (2011), Дəурен Жұмағазиев (2011) пен Ақжүрек Таңатаров (2017) әлем чемпионатының қола жүлдегерлері.

Нұрислам Санаев 2014 жылдан бері Қазақстан атынан халықаралық жарыстарға қатыса бастады. Оған дейін Ресей атынан жарыстарда бақ сынаған. Қос тарап келісе отырып, балуан қазақ елінің құрамасына қосылды. 2016 жылы Рио Олимпиадасы алдында ислам дінін қабылдап, есімін өзгертті. Тувалық спортшының есімі оған дейін Артас Санаа еді.

Қазақстандық балуанның финалдағы қарсыласы да осал емес. Ресейлік Заур Угуев. 23 жастағы спортшы бірнеше рет Ресей чемпионатында топ жарған. 2017 және 2018 жылғы Еуропа чемпионатының жүлдегері. Финалға дейін армян, куба және жапон балуандарын айқын жеңді.

Нұрислам Санаев алғашқы белдесуінде Америкалық Самоа елінен келген Джош Файлауганы 10:0 есебімен жеңді.

1/8 финалда украиналық балуан Армен Аракелянды да 10:0 есебімен ұтты. Ширек финалда отандасымыз түрік балуаны Сүлеймен Атлыдан 11:6 есебімен басым түсті.

Жартылай финалда америкалық балуан Томас Гилманға мықтылығын мойындатып, финалдық белдесуге жолдама алды. Нұрислам бесінші рет әлем чемпионатына қатысуда. Алғаш рет 2012 жылы Ресей құрамасы сапында барып, 8-орын алған. 2014 және 2015 жылдары Қазақстан атынан барып, екі ретте де 5-орыннан көрінген. 2017 жылы да жүлдеге қол жеткізе алмады. Будапештке бабы жарап, тәжірибесі толысқан кезінде келді. Биыл Азия чемпионы атанды. Енді әлем чемпионатында бағы жанса дейміз.

Финалдық белдесулер

22 қазан

57 кг. Заур Угуев (Ресей) - Нұрислам Санаев (Қазақстан) 
65 кг. Такуто Отогуро (Жапония) - Буния Бажранг (Үндістан) 
79 кг. Кайл Дейк (АҚШ) - Джабраил Гасанов (Әзірбайжан) 
92 кг. Иван Янковский (Беларусь) - Джей Майкл Кокс (АҚШ)

Ө. Сансызбай