Қазақстандық үш боксшы жасөспірімдер арасындағы Олимпиаданың финалына шықты

Қазақстандық үш боксшы жасөспірімдер арасындағы Олимпиаданың финалына шықты
Фото: Сали Сабиров

Қазақстандық үш бірдей боксшы Аргентина елінің астанасы Буэнос-Айресте өтіп жатқан жасөспірімдер арасындағы жазғы Олимпиада ойындарының финалына шықты.

Аса ауыр салмақта (+91 кг) Дамир Тойбай финалға жолдама алды. Отандасымыз жартылай финалда канадалық боксшы Тетлуа Чуолды жеңді. Үш раундта да төрешілер қазақстандық боксшы жеңіске жеткенін хабарлады.

Финалда Дамир ресейлік боксшы Алексей Дроновпен жұдырықтасады. Екі боксшы 2018 жылғы әлем чемпионатының финалында кездескен. Алексей Дамирді екі рет нокдаунға түсіріп, жеңімпаз атанып кеткен еді. Қазақстандық боксшыға есе қайтарар кез келді.

91 килограммға дейінгі салмақта Айбек Оралбай төрешілер шешімімен пуэрто-рикалық Элвин Каналесті жеңді. Қазақстандық боксшы осы жылы жастар арасында Азия чемпионы атанды. Әлем чемпионатының финалына дейін жетті. Олимпиада финалында алжирлік Мұхаммед Хадиспен жұдырықтасады.

Ұлттық құрама сапында үшінші болып 64 килограммға дейінгі салмақта Талғат Шайкен финалға шықты. Ол жартылай финалда алжирлік Мұхаммед Булауджды жеңді. Үшінші раундта қарсыласын екі рет нокдаунға түсіргеннен кейін төреші жекпе-жекті тоқтатты. Финалда Талғат ресейлік боксшы Илья Поповпен жұдырықтасады.

Қыздар арасында Надежда Рябец (69-75 кг) жартылай финалда Анастасия Шамоновамен жұдырықтасты. Жекпе-жек қорытындысы бойынша төрешілер ресейлік спортшы қыз жеңіске жетті деп таныды. Надежда қола жүлде үшін алжирлік Ичрак Чаибпен жұдырықтасады.

Айта кетейік, Буэнос-Айрестегі жасөспірімдер арасындағы Олимпиада ойындары 18 қазанда аяқталады. Қазіргі таңда Қазақстан құрамасының қоржынында 2 алтын 1 күміс 1 қола медаль бар. 

Ө. Сансызбай