Данияр Елеусінов бесінші жекпе-жегін Монакода өткізеді

Данияр Елеусінов бесінші жекпе-жегін Монакода өткізеді
Фото: Matchroom Boxing

Қазақстандық кәсіпқой боксшы, Олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов (3-0, 1 КО) бесінші жекпе-жегін 24 қараша күні Монакода өткізеді. Бұл туралы Matchroom Boxing промоутерлік компаниясы хабарлады.

Данияр Елеусінов кәсіпқой бокста үш жекпе-жек өткізіп үлгерді. Үш қарсыласын да жеңді. Төртінші жекпе-жегін төрт күннен кейін Бостонда өткізеді. Қарсыласы - америкалық Мэт Доггерти (8-5-1, 4 КО). Бұл бокс кешінің басты жекпе-жегінде орта салмақта WBO чемпиондық атағы үшін америкалық Деметриус Андраде (25-0, 16 КО) мен намибиялық Уолтер Каутондоква (17-0, 16 КО) жұдырықтасады.

Қазақстандық кәсіпқой боксшы төртінші кездесуін өткізбей тұрып-ақ, бесіншісі қайда өтетіні анықталып үлгерді. Даниярдың бұл кездесудегі қарсыласы әзірге белгісіз. 

Монакодағы бокс кешінің басты жекпе-жегінде ресейлік Денис Лебедев (31-2, 23 КО) пен америкалық Майк Уилсон (19-0, 8 КО) жұдырықтасады.

Ө. Сансызбай