"Арландар" аспан асты еліне аттанды

"Арландар" аспан асты еліне аттанды
Фото: worldseriesboxing.com, vk.com

Бүкіләлемдік бокс сериясының (WSB) ұзақ күттірген финалдық жекпе-жегі де жақындап келеді. Бір аптадан Қытайдың Сямынь қаласында, 28 қыркүйекте Цзиньцзянда "Astana Arlans" пен "Сuba Domeodores" боксшылары арасында финалдық шайқас өтеді.

"Astana Arlans" пен "Сuba Domeodores" WSB финалына мамыр айында шыққан болатын. Қазақстандық клуб жартылай финалда Ұлыбританияның "British Leonhearts" командасын ұтса, кубалық боксшылар "France Fighting Roosters" командасынан басым түскен еді.

Қазақ елі клубының баспасөз қызметі әлеуметтік желілердегі ресми парақшалары арқылы финалда жұдырықтасатын боксшылары құрамын жариялады. Жекпе-жекке шығатын боксшылар мен команда құрамы күні кеше аспан асты еліне аттанды.

Бірінші күнгі жекпе-жектер (26 қыркүйекте):

49 келі: Теміртас Жүсіпов – Дамиан Арсе Дуарте
56 келі: Ілияс Сүлейменов – Освель Давид Кабальеро Гарсия
64 келі: Ділмұрат Мижитов – Энди Крус
75 келі: Әбілхан Аманқұл – Ослейс Иглесиас Эстрада
91 келі: Нұрбол Алтаев – Эрисланди Савон  

Екінші күнгі жекпе-жектер (28 қыркүйекте):

52 келі: Сәкен Бибосынов – Хорхе Гриньян
60 келі: Закир Сафиуллин – Ласаро Альварес
69 келі: Асланбек Шымбергенов – Роньель Иглесиас
81 келі: Бек Нұрмағамбет – Хулио Ла Крус
91+ келі: Қамшыбек Қоңқабаев – Хосе Лардуэт  

Шешуші жекпе-жек (64 келі): Бекдәулет Ибрагимов – Хорхе Мойран Винент.

Егер екі күнгі жекпе-жектер 5:5 есебімен аяқталса, онда шешуші кездесу өткізіледі. WSB басшыларының ұйғарымымен биыл қосымша жекпе-жек 64 келі салмақ дәрежесі бойынша өткізілетін болып бекітілген. "Astana Arlans" бұл ретте Бекдәулет Ибрагимовке сенім артып отыр.

Айта кетейік, "Astana Arlans" - WSB жобасындағы ең табысты команда. Бұл жарыста үш рет жеңімпаз атанып, тағы төрт рет жүлделі орыннан көрінген. Екі рет кубалық боксшылар топ жарса, Франция мен Италия елінің командалары бір-бір реттен жеңіске жеткен.

Ө. Сансызбай