GGG мен "Канело" тағы да Мексика халқының ұлттық мерекесінде жұдырықтасуы мүмкін

GGG мен "Канело" тағы да Мексика халқының ұлттық мерекесінде жұдырықтасуы мүмкін
Фото: HBO

Қазақстандық кәсіпқой боксшы Геннадий Головкин мен орта салмақта WBC, WBA (Super) және IBO чемпиондық атағын иеленген мексикалық Сауль Канело Альварес 2019 жылдың 5 мамырында үшінші рет шаршы алаңда жұдырықтасуы мүмкін. Бұл туралы Генаның жаттықтырушысы Абель Санчес хабарлады, - деп жазады BoxingScene.com

Лас-Вегастағы T-Mobile спорт кешенінде өткен екінші кездесуде Сауль Альварес ұпай айырмасымен жеңіске жетті. Ал Геннадий Головкин спорттағы мансабында алғаш рет жеңілді. Екі боксшы да кездесу соңынан үшінші рет жұдырықтасуға қарсы емес екендерін мәлімдеді. 

- Барлық мүмкіндіктерді қарастыра отырып қарағанда келесі кездесу "Канело" үшін де, Головкин үшін де тиімді. Екеуі де бір-біріне лайықты қарсыластар. Эрик Гомес (Альварестің промоутері) жекпе-жектен кейін: "Үшінші жекпе-жекті ұйымдастыру керек. Біз тағы бір бокс кешін өткізгеніміз дұрыс" - деді. Мен "Томмен ақылдасып көрейін", - дедім. 5 мамыр - нағыз уақыты секілді. Бір болса 5 мамырда болады, - деді Генаның жаттықтырушысы Абель Санчес.

GGG биыл жекпе-жекке шықпайды. Келер жылы ғана шаршы алаңнан көретін боламыз. Бұл жайлы да Абель Санчес сұхбат барысында айта кетті.

Айта кетейік, Геннадий Головкин мен Сауль "Канело" Альварес осы жылдың 5 мамырында жұдырықтасуы тиіс болған еді. Алайда мексикалық боксшының қанынан допинг табылып, жекпе-жек 15 қыркүйекке шегерілген-ді.

Бір қызығы, 5 мамыр да  - мексикалықтардың мерекесі. Бұл күні олар ұлттық мерекесі Синко де Майоны тойлайды. 1862 жылдың осы күні Мексика әскері Пуэбла қаласында француз әскерін жеңген. 5 мамырда Мексикада түрлі фестивальдар мен карнавалдар ұйымдастырылады. Кей өңірлерінде бір аптаға дейін тойланады.

Осыған дейінгі Геннадий Головкин мен Сауль Альварес арасындағы екі жекпе-жек те Мексика елінің Тәуелсіздік мерекесімен тұспа-тұс келді. 

Ө. Сансызбай