Геннадий Головкин ұпай айырмасымен жеңілді

Геннадий Головкин ұпай айырмасымен жеңілді
Фото: Геннадий GGG Головкин (vk.com)

Қазақстандық кәсіпқой боксшы Геннадий Головкин Лас-Вегастағы бокс кешінің басты жекпе-жегінде мексикалық Сауль "Канело" Альвареске ұпай айырмасымен есе жіберіп, чемпиондық атақтарын қорғап қала алмады.

Екі боксшы арасындағы жекпе-жек Лас-Вегастағы T-Mobile спорт кешенінде өтті. Бірінші кездесу де дәл осы шаршы алаңда өткен еді. Бір жыл бұрынғы кездесуде екі боксшы тең түскен.

Бірінші раундты қос боксшы аңдысумен өткізді. Кезегін күтіп, барынша соққы жұмсауға тырысты. Екінші және үшінші раундтарда "Канело" алға ұмтыла түсті. Бірнеше соққысын дәл тигізіп, маңызды ұпайларын иеленді. GGG қорғана жүріп жұдырықтасып, соққы жұмсады.

Төртінші раундты Гена ширақ бастады. Жақын қашықтықта бірнеше соққыларын дарытып, жанкүйерлерін бір желпінтті. Бесінші раундтан кейін "Канелоның" қабағына қан кеткені де байқалды. Алтыншы раунд та арпалысқа толы болды. Одан кейінгі раундтарды да боксшылар қарқынды өткізді. Екеуінің де белсенділігі артып, жеңіске ұмтыла түсті.

Оныншы раундта Генаның сериялы соққыларынан кейін "Канело" бір есеңгіреді. GGG қорғана жүріп, қарсыласын қыспаққа алды. Мексикалық жоспарынан жаңылысып, қалай да қорғанып бағуға тырысты. Шаршағаны да байқалды.

Жекпе-жек соңына қарай Геннадий Головкиннің қарқыны артты. Соққыларын дәл тигізді. Альварестің қолы ауа қармаумен болды. "Канело" соңғы раундта алға ұмтыла шықты. Барын салды. Дәл осы раундта Генаның қабағы да жарылды. 

Қос боксшы арасындағы екінші кездесу де соңына дейін жалғасып, жеңімпаз төрешілер шешімі бойынша анықталды. Бір төреші тең нәтиже тіркеп, екі төреші мексикалықты жеңіске жетті деп таныды. Есеп: 115-113, 115-113 және 114-114. Нәтижесінде орта салмақта Генаның WBC, WBA (Super) және IBO чемпиондық атағын, WBC арнайы белбеуі мен The Ring журналы белбеуін Сауль "Канело" Альварес иеленді.

Геннадий Головкин спорттағы мансабында алғаш рет жеңілді. Осыған дейін барлық жекпе-жектерінде жеңіске жеткен отандасымызға зор алғыс білдіреміз! Алдағы мансабы сәттілікке толы болғай! 

Ө. Сансызбай