Жәнібек Әлімханұлы колумбиялық боксшымен жұдырықтасады

Жәнібек Әлімханұлы колумбиялық боксшымен жұдырықтасады
Фото: facebook.com

Қазақстандық кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлының (2-0, 1 КО) қарсыласы белгілі болды. Отандасымыз 28 қыркүйек күні колумбиялық боксшы Карлос Галванмен жұдырықтасады.

Бокс кеші Калифорния штатындағы Окленд қаласында өтеді. Бұл – Жәнібектің Боб Арум басқаратын Top Rank промоутерлік компаниясы қатарына қосылғаннан кейінгі АҚШ-тағы алғашқы жекпе-жегі болмақ.

Карлос Галван кәсіпқой бокста 24 жекпе-жек өткізген. Оның 16-да жеңіске жеткен. Соңғы рет наурыз айында америкалық боксшы Вилли Монромен (кішісі) жұдырықтасып, жеңілген. Ал Вилли 2015 жылы Геннадий Головкинмен шаршы алаңға шыққан боксшылардың бірі.

Айта кетейік, Жәнібек Әлімханұлы әйгілі Top Rank промоутерлік компаниясымен келісімшарт жасасқан тұңғыш қазақ. Әуесқой бокста Жәнібек Қазақстанның 9 дүркін чемпионы, Азия және Азия ойындарының және Әлем чемпионы. Олимпиада ойындарының қатысушысы.

Жәнібек Әлімханұлы кәсіпқой бокста екі жекпе-жек өткізіп үлгерді. 2016 жылдың қазан айында Алматыда өткен бокс кешінде колумбиялық Милтон Нуньесті бірінші раундта-ақ нокаутпен ұтты. Ал өткен жылы жартылай ауыр салмақта өткен жекпе-жекте бразилиялық боксшы Жильберто Перейраны жеңді.

Ө. Сансызбай