Ольга Рыпакова Азия ойындарында топ жарды

Ольга Рыпакова Азия ойындарында топ жарды
Фото: olympic.kz

Қазақстандық жеңіл атлет Ольга Рыпакова Индонезиядағы Азия ойындарында Қазақстан қоржынына он бірінші алтын медальды салды.

33 жастағы отандасымыз үш қарғып секіруден үздік шықты. Екінші мүмкіндігінде 14 метрге қарғып, алға озды. Ал бесінші мүмкіндігінде 14,26 метрге секірді.

Ольга Рыпакова төртінші рет Азия чемпионы атанып отыр. Үш рет қатарынан топ жарды.  2006 жылы Дохада жетісайыста жеңімпаз атанды. Ал 2010 жылы Гуанчжоуда, араға 4 жыл сала Инчхонда үш қарғып секіруден үздік шықты.

Ольганың жеңісі – Қазақстан қоржынына түскен 60-шы медаль. Қазіргі таңда 11 алтын 11 күміс 39 қола медальмен жалпы есепте 10-орында келеді. Азия ойындары 2 қыркүйек күні аяқталады.  

Н. Үсенова