Азия ойындарындағы екінші алтын медаль қоржынға түсті

О Сансызбай Корреспондент
Азия ойындарындағы екінші алтын медаль қоржынға түсті
Фото ©️ olympic.kz

Қазақстандық велошабандоз Алексей Луценко XVIII жазғы Азия ойындарында жеңімпаз атанды. Бұл - Қазақстан құрамасының қоржынына түскен екінші алтын медаль.

БӨЛІСУ

Алексей Луценко 150 шақырымдық топтық бәсекеде үздік шықты. Отандасымыз аталған қашықтықты 3 сағат 25 минут 25 секундта жүріп өтті.

Алтын медальға талас соңғы сәтке дейін қыза түсті. Бес велоспортшы мәреге жақын қалғанда барын салды. Алексеймен бірге тағы екі велошабандоз бірдей жетті. Мәредегі арнайы фотоқұрал көмегімен жарыс жеңімпазы анықталды.

Алексей Луценко 2014 жылы Инчхонда өткен Азия ойындарында да топ жарған спортшы. Ертең жекелей сында жарыс жолына шығатын болады.

Қазақстан құрамасы қазіргі таңда 2 алтын 6 күміс 15 қола медальмен жалпы есепте 12-орында келеді.