Қазақстандық клубтардың Еуропа лигасындағы қарсыластары белгілі болды

Қазақстандық клубтардың Еуропа лигасындағы қарсыластары белгілі болды
Фото: vesti.kz

Швейцарияның Ньон қаласында футболдан 2018/2018 маусымдағы Еуропа лигасына іріктеу кезеңінің жеребесі тартылды. Қазақстандық клубтардың алғашқы қарсыластары анықталды.

Алматының "Қайрат" командасы "Энгордани" (Андорра) және "Фольгоре" (Сан-Марино) клубтарының ұтқанымен кездеседі. Ал Павлодардың "Ертісіне" Эстонияның "Нарва" командасы қарсылас атанды. Қостанайдың "Тобылы" Грузияның "Самтредия" командасымен ойнайды.

Еуропа лигасының бірінші іріктеу кезеңі 12 шілде күні өтеді. Қарымта ойындар 19 шілдеге жоспарланған. Қазақстандық клубтар алғашқы ойындарын сырт алаңда өткізеді. Қос ойын қорытындысы бойынша жеңілген клубтар жарысты аяқтайды.

Айта кетейік, кеше Чемпиондар лигасына іріктеу кезеңінің жеребесі тартылған болатын. "Астанаға" Черногорияның "Сутьеска" командасы қарсылас атанған-ды.

Ө. Сансызбай