Дүбірлі доп додасы басталды

О Сансызбай Корреспондент
Дүбірлі доп додасы басталды
Фото ©️ Reuters©

Футболдан 2018 жылғы әлем чемпионаты басталды. Мәскеу төрінде байрағын көтерген доданың ашылу салтанаты өтіп, алаң иелері Сауд Арабиясы құрамасын 5:0 есебімен ұтты.

БӨЛІСУ

Танымал әнші Робби Уильямс пен ресейлік Аида Гарифуллина орындаған тамаша әнмен басталған салтанатты шараны "Qazaqstan" мен "QazSport" телеарналары тікелей эфирде көрсетті. Ашылу салтанатына FIFA президенті Джанни Инфантино, Ресей басшысы Владимир Путин, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен өзге де бірнеше мемлекеттің басшылары қатысты.

Мундиальдың ашылу салтанаты аяқталысымен Ресей мен Сауд Арабиясы арасындағы ойын басталды. Алаң иелері кездесуді ширақ бастап жылдам гол соғуға асықты. Станислав Черышевтің бұл жоспары оңынан болды. 12 минутта Ресей құрамасы есеп ашты.

Әлем чемпионатының алғашқы голын ресейлік футболшы Юрий Газинский соқты. Бірінші тайм аяқталар тұста Денис Черышев есепті еселеді. Ол 24 минутта жарақат алған Алан Дзагоевтың орнына шыққан еді.

Екінші таймда Ресей құрамасы ойындағы басымдығын арттыра түсті. Шабуылшы Артем Дзюбаның алаңға шығуымен ресейліктердің ойыны жанданды. Александр Головиннің әуелете асырған пасына бірінші жетіп, есепті 3:0-ге жеткізді.

Ойынға қосылған соңғы 3 минутта Сауд Арабиясы қақпасында тағы екі рет доп тулады. Дзюбаның тамаша пасынан кейін Черышев дубль жасады. Ал соңғы секундта Головиннің айып соққысынан тепкен добы да Сауд Арабиясы қақпасынан табылды.

Айта кетейік, бұл топтағы Уругвай мен Египет құрамалары арасындағы ойын ертең өтеді. Сондай-ақ "В" тобында Марокко мен Иран, Португалия мен Испания кездеседі.